Денсаулық

Нұр-Сұлтанда коронавирус жұқтырғандар көбеюі мүмкін – басқарма себебін түсіндірді

Мамырдағы мейрамдар кезінде астаналықтар бір-бірімен тығыз араласты. Соның салдарынан коронавирус жұқтырған адамдардың саны көбеюі мүмкін
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 20 мамыр — Sputnik. Нұр-Сұлтанда 25 мамырға қарай коронавирус жұқтырған адамдардың саны көбеюі мүмкін. Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Әлия Рүстемова осындай болжам жасады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Оның айтуынша, соңғы бір аптаның ішінде COVID-19 жұқтыру жағдайлары біршама азайды. Стационарға түсіп жатқан науқастардың саны да көп емес. 

"Дегенмен қауіп әлі де бар. Себебі сауда орталықтары ашық, адамдар бір-бірімен тығыз қарым-қатынас жасап жүр. Әсіресе, мереке күндері жақын араласты. 1 мамырда, одан кейін 9 мамырда демалдық, қыдырдық.14 күннен кейін, шамамен 25-іне қарай науқастардың саны қайтадан өсіп, инфекция өршіп кетуі мүмкін. Алайда осы аптада вирусты жұқтырғандар біршама азайды", - деді Рүстемова Sputnik Қазақстанның мультимедиялық баспасөз орталығында өткен брифингте.

Басқарма басшысы астанада коронавирусқа қарсы вакцина салдыртатын адамдардың азайғанын да мәлімдеді.  

"Сәуір-мамыр айларында адам көп келді. Бір тәулікте екпенің бірінші компоненті шамамен 6-7 мың адамға салынатын. Бүгінде айтарлықтай азайды. Өткен тәулікте 2,5 адам ғана вакцина салдырды. Жалпы республика бойынша екпе алғысы келетіндердің саны азайып келеді. Себебін білмеймін. Бәлкім, сәуір айында вакцинаның қажеттілігін түсінетін халықты қамтыдық", - деп атап өтті Рүстемова.

Оқи отырыңыз: Қазақстанда коронавирус жұқтырғандардың саны қайта өсе бастады 

Айта кетейік, Қазақстанда соңғы бір тәуліктің ішінде 2 433 адамның коронавирус жұқтырғаны ПТР-тестпен расталды. Соның ішінде астанада 439 науқас тіркелді.

Бүгінде Нұр-Сұлтанда вакциналау пункттері сауда орталықтарында ашылған. Олар – Mega Silk Way, Keruen, "Хан Шатыр", "Абу-Даби Плаза", "Азия Парк", "Биг Шанхай", Орталық базар, "Артем" мен "Әлем".