Қоғам

Шекараны барлық қауіп-қатерден қорғауды қамтамасыз ету керек – Назарбаев

Қауіпсіздік кеңесінің төрағасы ассиметриялы және гибридті қауіп-қатерлерге тойтарыс беруге дайын болу қажеттігін ерекше атап өтті
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 19 мамыр — Sputnik. Қазақстанның тұңғыш президенті, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қауіпсіздік кеңесінің отырысын өткізді. Жиында қарулы күштерді дамыту мен құрудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасының жобасы қаралды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

"Біз барлық көршілерімізбен берік достық байланыс, жетекші державалармен сенімді серіктестік орнаттық. Сонымен бірге қуатты армия ел қауіпсіздігінің маңызды кепілі болып саналады", - деді Назарбаев.

Осы орайда тұңғыш президент ассиметриялы және гибридті қауіп-қатерлерге тойтарыс беруге дайын болу қажеттігін ерекше атап өтті. Сондықтан әскери процестерді басқаруды автоматтандыру және жаңа технологияларды енгізу мәселесіне баса назар аудару қажет.

"Біздің Қарулы Күштер егемендігіміз бен аумақтық тұтастығымызды, ұлттық мүдделерімізді қорғауға қабілетті болуға тиіс. Мұның бәрі армияның таяу онжылдықта дамуын жоспарлау кезінде ескерілуі керек", - деп атап көрсетті Назарбаев.

Оқи отырыңыз: Назарбаев қауіпсіздік кеңесінің отырысын өткізеді

Қауіпсіздік кеңесінің төрағасының айтуынша, шекара қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін шекара қызметінің жұмысын жетілдіріп қана қоймай, экономикалық, ақпараттық, қоғамдық және әскери қауіпсіздік бойынша жүйелі шараларды атқару қажет.

"Шекараны барлық қауіп-қатерден қорғауды қамтамасыз ету керек. Шекара қызметі мен Қарулы күштерді құру өзара үйлесімді әрі бірыңғай стандарт бойынша жүргізілуге тиіс. Сонымен бірге шекаралық қауіпсіздік мәселесін кешенді, жүйелі түрде қарастырған жөн", - деді Назарбаев.