НҰР-СҰЛТАН, 19 мамыр – Sputnik. Қазақстанның Тұңғыш президенті көрнекті ғалым, ұлттық ғылым академиясының академигі Аманжол Қошановтың өмірден өтуіне байланысты ауыр қайғыға ортақтасып, көңіл айтты, деп хабарлайды Еlbasy.kz сайты.
"Аманжол Қошанұлы саналы ғұмырын ғылым жолына арнап, отандық экономика теориясы саласын дамытуға қомақты үлес қосқан тұғырлы тұлға болатын. Ол еліміздің экономикалық мүдделері жүйесін жасау, ұлттық экономикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету сияқты көптеген маңызды мәселелер бойынша іргелі зерттеулер жүргізіп, мемлекеттік ғылыми бағдарламалар жасауға атсалысты. Экономикалық теория бойынша өзіндік мектебін қалыптастырды", – делінген жеделхатта.
Елбасы Аманжол Қошановтың ғибратты ғұмыры мен жарқын бейнесі жұртшылық жадында әрдайым сақталатынына сенім білдірді.
Аманжол Қошанов туралы не білеміз
Ұлттық ғылым академиясының академигі, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген ғылым және техника қайраткері, экономика ғылымдарының докторы, профессор Аманжол Қошанұлы Қошанов 1934 жылы 11 қазанда Солтүстік Қазақстан облысы, Шал ақын ауданы, Алқаағаш ауылында дүниеге келген.
1951-1957 жылдары Мәскеу мемлекеттік университетінің экономика факультетін, 1961-1964 жылдары Қазақ ССР Ғылым академиясының экономика институтының аспирантурасын бітірген.
Бар ғұмырын Қазақстан экономикасының өзекті проблемаларын зерттеуге арнаған Аманжол Қошанов еліміздің ғылымының дамуына елеулі үлес қосты. Ол 400-ден аса ғылыми жарияланымның, оның ішінде 36 монографиялық еңбектің авторы.
Көптеген халықаралық ғылыми конференциялар мен симпозиумдарда баяндама жасап, Англия, Жапония, Қытай, АҚШ-та ғылыми еңбектері жарық көрді. Сондай-ақ академик Қошанов ғылымдағы еңбегі үшін Халықаралық Кембридж өмірдерек орталығы (Англия) "ХХІ ғасырдың аса көрнекті зиягері" құрметті медалімен марапатталған. Америка өмірдерек институты мен халықаралық зерттеулер орталығы (Нью-Йорк) халықаралық ынтымақтастықтағы ғалымның рөлі үшін "Жыл адамы - 2004" құрметті атағын берді.
Оқи отырыңыз: Тоқаев Есенғали Раушановтың отбасына көңіл айтты
1995 жылы Аманжол Қошановқа ғылым мен қоғамдық қызметтегі орасан зор еңбегі үшін Қазақстан президентінің жарлығымен "Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген ғылым және техника қайраткері" құрметті атағы берілді. 2004 жылы "Парасат" орденімен, "Еңбекте үздік шыққаны үшін", "Еңбектегі ерлігі үшін" медальдарымен марапатталды.
Аманжол Қошанұлы Қошанов Қазақстан ғылымының дамуына өлшеусіз үлес қосып, бойындағы бар күш-қуатын еліміздің экономика ғылымының өркендеуіне аянбай жұмсаған жарқын тұлға.