Қоғам

"Басқарушы элитаны жаңартып отыру қажет" Аймағамбетов 5 ректордың ауысу себебін түсіндірді

Министр Абай атындағы ҚазҰПУ, Қожа Ахмет Ясауи атындағы қазақ-түрік университеті, Қыздар ұлттық университеті, Сәтбаев университеті, Қозыбаев университетінің басшысы болып мол тәжірибесі бар көшбасшылар тағайындалғанын айтты.
Sputnik

АЛМАТЫ, 19 мамыр – Sputnik. Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов кез келген саланың серпінді дамуын қамтамасыз ету үшін басқарушы элитаны үнемі жаңартып отыру қажет екенін айтты. Ал  оңтайлы өзгеріс болуы үшін білім беру саласына тәжірибелі және жаңа көзқарасы қалыптасқан жаңа буын өкілдерін тартқан жөн.

Министр кейінгі үш айда республикадағы бес универсиеттің ректоры ауысқанын алға тартты. Атап айтқанда, ол Абай атындағы ҚазҰПУ, Қожа Ахмет Ясауи атындағы қазақ-түрік университеті, Қыздар ұлттық университеті, Сәтбаев университеті, Қозыбаев университетінің басшысы болып мол тәжірибесі бар көшбасшылар тағайындалғанын айтты.

"Жаңа көшбасшылар – өз елін, жерін сүйетін патриоттардан құралған жас ұрпақ. Көбінің халықаралық тәжірибесі бар, олар – кәсіби ортада кеңінен танымал және маман ретінде қалыптасқан тұлғалар. Тағайындалған басшылардың басым бөлігі "Болашақ" бағдарламасының түлегі және әлемнің үздік жоғары оқу орындарында білім алған болса, енді бір бөлігі Назарбаев университетінде оқыған немесе жұмыс істеген мамандар", - деп жазды Аймағамбетов Facebook парақшасында.

Айтуынша, адами капиталды дамыту жөніндегі мемлекеттік саясатты әзірлеу және іске асыру кезінде жергілікті мекендегі жағдайды толық ескеру үшін өңірлерде қызмет атқарып жатқан мамандар жұмысқа тартылады.

"Біздің көздегеніміз жаңа мамандарды жұмысқа тартып, қызметте жүрген басшыларды толығымен ауыстыру саясатын жүргізу емес. Біздің басты мақсатымыз – қазақстандық білім мен ғылымның әлеуетін барынша күшейту үшін "жастық пен тәжірибенің үйлесім табуын" қамтамасыз ету", - деді министр.

Жастарды жұмысқа қабылдай отырып, тепе-теңдік пен ұрпақтар сабақтастығы сақталады.

Ректорлар сұхбат береді

Министрдің сөзінше, кадрлық саясат туралы толық және объективті түсінік қалыптастыру мақсатында алдағы бірнеше аптада жаңадан тағайындалған басшылар кішігірім сұхбат береді.

Оқи отырыңыз: "Әділдік үшін өзгертіп жатырмыз": Аймағамбетов биылғы жаңашылдықтар туралы айтты

Олар басқарып отырған ұйымдарын одан әрі дамыту бойынша жұмыс жоспарын, жүзеге асырылатын негізгі реформалар, жұмыс жоспарын іске асыру үшін жүйеге тартылатын ресурстар, жаңа басшының тағайындалуынан бастап ұйымның алдағы уақытқа жоспарланған жұмыс нәтижесі туралы айтады.

Министрліктің жаңа жобасы

Сондай-ақ осы жұмысты жалғастыру мақсатында министрлік жаңа жоба бастайды. "Кадрлық резерв" деп аталатын жобасы аясында білім және ғылым жүйесінде басшылық лауазымға ұсыну үшін табысты әрі дайындығы мықты үміткерлер іріктеледі.

Жоба бойынша іріктеу шарттары мен тәртібі туралы ақпарат қосымша жарияланады.

"Бұдан бөлек жақын арада біздің бастамамызбен жүзеге асырылатын директорларды ротациялау институты, оларды тағайындаудың жаңа қағидалары және мұғалімдерді жұмысқа конкурс арқылы қабылдаудың жаңа жүйесін енгізетін нормалар жүзеге асырылады", - деді Аймағамбетов.