НҰР-СҰЛТАН, 19 мамыр — Sputnik. 22 жастағы патрульдік полиция полкінің инспекторы түнгі ауысымнан кейін жеке көлігімен "Көлді-Жалпақсай" тас жолымен үйіне қайтып келе жатқанда жол апатына түсті, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Жол апаты Қарасай ауданында таңғы сағат 09:00-дың шамасында болған.
"Көлді-Жалпақсай" тас жолында Mazda 626 жүргізуішісі рөлге ие бола алмай, жолдың қарсы бетіне шығып, Нәдір Қалымов басқарған Lada Granta көлігіне соғылған. Соққының қатты болғаны сонша автомобиль инерциямен жолдың шетіне ұшып кеткен. Сосын ағашқа барып соғылды", - деп хабарлады Алматы полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Инспектор Қалымов алған жарақатынан оқиға орнында қайтыс болды. Ал Mazda-ның иесі ауруханаға жеткізілді.
Қазіргі кезде Қарасай аудандық полиция басқармасы жол апаты бойынша сотқа дейінгі тергеуді бастады. Тергеу шаралары Қылмыстық кодекстің 345-бабы, 3-тармағы (Көлiк құралдарын басқаратын адамдардың жол жүрісі немесе көлiк құралдарын пайдалану қағидаларын бұзуы абайсызда адам өліміне әкеп соққан іс-әрекет) аясында жүргізіліп жатыр. Mazda жүргізушісінің кінәсі дәлелденсе, оны бес жылға дейін бас бостандығынан айыруы мүмкін.
Полицияның кіші сержанты Нәдір Қалымов ішкі істер органдарында 2019 жылдан бері қызмет еткен. Оның артында анасы және аяғы ауыр келіншегі қалды. Алматы қалалық полиция департаменті және ардагерлер кеңесі марқұмның отбасына және жақын туыстарына қайғырып көңіл айтады.