Қоғам

Түркістан облысы әкімінің орынбасары ұсталғаны рас па – ресми жауап

Мейіржан Мырзалиев қылмыстық іс бойынша куәгер ретінде шақырылған, күдікті ретінде танылған жоқ
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 18 мамыр – Sputnik. Әлеуметтік желілерде және бірқатар БАҚ-та Түркістан облысы әкімінің орынбасары Мейіржан Мырзалиевтің ұсталғаны туралы ақпарат тарады. Әкімдік қауесетке түсініктеме берді.

Ведомствоның ақпаратынша, Түркістан облысы әкімінің орынбасары Мейіржан Мырзалиев сырқатына байланысты ресми түрде демалыста.

"Ол "гипертониялық криз" диагнозымен облыс ауруханаларының бірінде ем алып жатыр. Артық түсініктемелерден аулақ болуды сұраймыз. Қосымша ақпапарат кейінірек беріледі", - делінген баспасөз қызметінің Facebook-те жариялаған хабарламасында.

Қазақстанның сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі шенеуніктің ұсталғанын жоққа шығарды.

"Мырзалиев сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің өндірісіндегі қылмыстық іс бойынша қорғалуға құқығы бар куәгер ретінде шақырылды. Ол күдікті ретінде танылған жоқ, оған қатысты бұлтартпау шарасы таңдалмады", - делінген хабарламада.

Өзге ақпарат тергеу мүддесіне байланысты жария етілмейді.

Бұған дейін әлеуметтік желілерде Түркістан облысы әкімінің орынбасары Мейіржан Мырзалиев ірі мөлшерде пара алды деп айыпталғаны туралы ақпарат тарады.