Қоғам

Цой адамдарға қауіп төндіретін кейбір қазақстандықтар туралы айтты

Министр Ashyq енгізілген сәттен бастап 3 256 адамда "қызыл" және "сары" статус шыққанын жеткізді
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 18 мамыр – Sputnik. Ashyq қосымшасы енгізілгелі бері 3 256 адамның вирус жұқтырғаны және науқастармен байланыста болғаны анықталды. Бұл туралы денсаулық сақтау министрі Алексей Цой мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

"Ashyq енгізілген сәттен бастап 3 256 адамда "қызыл" және "сары" статус шықты. Оның ішінде 1867 адамда ПТР-тест оң нәтиже көрсетсе, 1389-ы науқастармен байланыста болғандар", - деді Цой үкімет отырысында.

Ол 12 мамырдан мобильді қосымша Нұр-Сұлтан, ал 21 мамырдан Алматы әуежайларында пилоттық режимде іске қосылғанын еске салды. Айтуынша, осы аралықта вирус жұқтырған 37 адам және індетке шалдыққандармен байланыста болған 37 адам анықталды.

"Өкінішке қарай, бұл статистика кейбір санасыз азаматтар үйде оқшаулану режимін сақтамайтынын көрсетеді, олар халық көп жиналатын орындарға барып, ел ішінде емін-еркін жүреді. Осылайша басқа адамдар мен ұшақтағы жолаушыларға вирус жұқтыру қаупін төндіреді", - деді министр.

Цой мобильді қосымшаны басқа нысандарда енгізу жұмысы жалғасатынын атап өтті.

Оқи отырыңыз: Елорда әуежайында Ashyq қосымшасы іске қосылды – видео

Айта кетсек, Ashyq жобасы пилоттық режимде 18 қаңтарда басталды. 26 сәуірден бүкіл елге таралды. Бүгінде жүйеге барлық қызмет саласының 6 мыңға жуық нысаны кіреді, 1,4 миллион қолданушы тіркелген.