Оқиға

"Басқаша болуы мүмкін еді": ММА спортшысы сүйіктісін жұрттың көзінше соққыға жықты – фото

Жәбір көрген қыз қоғамдық резонансты уақытында көтермегеніне өкініп отыр. Өйткені, кінәлі адам әлі күнге дейін лайықты жазаланбаған
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 18 мамыр – Sputnik. 24 жастағы Алина есімді қыз екі жыл бұрын болған оқиғаны жариялады. 2019 жылы тамыз айында үйленуге ұсыныс жасаған ММА спортшысы оны достарының көзінше өлімші етіп сабаған. Бірақ әлі күнге дейін лайықты жазасын алған жоқ, деп хабарлайды "НеМолчи.kz" қоғамдық ұйымы.

Ұйым көмегіне жүгінген Алина ауруханаға түскен кездегі фотоларын да ұсынды. Оның айтуынша, екі жыл бұрын достарымен бірге Сілеті су қоймасына демалуға барған. Содан ішімдікке сылқия тойған жігіті оны ұра бастады. 

"Сол сәтте достар да, көрші үйшікте демалған адамдар да, тіпті демалыс аймағының әкімшілігі де араша түспеді. Ол мені тоқтамай ұрды, түсініксіз сұрақтар қойып, төмпештей берді. Анама да, достарыма да қоңырау шалып, мені өлтіремін, пышақтап тастаймын деп қорқытқан", – дейді Алина.

Кейіннен достарының бірі хабарласып, полиция шақырғанын айтқан. Сол кезде ММА спортшысы сүйіктісін айдалаға алып кеткен. Серіктестерін де шақырып алған.

"Олар мені алып кетіп қайда апарарын білмей жүрді де, таңға қарай ауруханаға тастап кетті. Дәрігерлер бұғана, мұрын мен бет жақ сүйектің сынғанын растады. Қабырғаларым да зақымданған. Миым шайқалып, басқа да жарақаттар тіркелген", – деп атап көрсетті жәбір көрген бойжеткен.

Оның айтуынша, осы оқиға бойынша сот отырысы болған. Бірақ жігіті өз әрекетін түсіндіре алмады. Не себепті ұрғанын да айтқан жоқ. Кейінірек ізім-ғайым жоғалды. Қалыңдығына көмек көрсету былай тұрсын, сотта оның пышақпен қорқыту сияқты кейбір қауіпті әрекеттері де ескерілмеген.

"Тергеу кезінде маған қолдау жасалған жоқ. Ымыраға келуге қайта-қайта ұсыныс жасап, "арызыңды алып кет" деді. Мен алған жоқпын. Ақыр соңында оны бір жылға шартты түрде соттады. Маған моральдық өтемақы ретінде 400 000 теңге төлеуге міндеттегенімен, ол ақшаны берген жоқ", – дейді Алина.

Алина ауруханадан шыққаннан кейін Алматыға көшкенін, ал тергеу кезінде қайта-қайта жауап алуға келгенін жеткізді. Сондықтан соттың белгілеп берген өтемақысы барлық шығынның 30 процентін де жаба алмайды.

"Енді менің жағдайымда мемлекет те, заң да дәрменсіз болып тұр. Сот орындаушылары да ештеңе істей алмаймыз дейді. Менің бар қателігім, осы оқиғаны бірден бұқаралық ақпарат құралдарында жариялау керек еді. Сол кезде нәтижесі басқаша болуы мүмкін еді", – деп түйіндеді ол.

Оқи отырыңыз: Ақтөбеде ер адамның әйелді соққыға жыққан сәті видеоға түсіп қалды

Алина ММА федерациясына да арыз жазған. Алайда ұйым басшысы жауап бермеген. Ал бұрынғы жігіті әлі күнге дейін Қазақстанның атынан жарыстарға қатысып жүр. Бірақ өтемақыны төлемеу үшін ресми түрде тіркелмей, астыртын жұмыс істейді.