НҰР-СҰЛТАН, 18 мамыр — Sputnik. Ресейлік инфекционист дәрігер София Русанова кене энцефалитінің негізгі симптомдары туралы айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан"Говорит Москва" радиостанциясына сілтеме жасап.
"Аурудың белгілері кәдімгідей инфекцияға ұқсайды. Атап айтқанда, интоксикация, дене қызуы, бас ауруы, сосын буындар мен бұлшықет сырқырап аурады. Бұның барлығы – жалпы симптомдар", - дейді Русанова.
Оның айтуынша, кене энцефалиті сияқты инфекцияның сан алуан клиникалық формасы болады.
"Осы аурудың ең қарапайым формасы қатерсіз өтеді, жай безгек сияқты. Сосын менингиттік формасы бар. Ондайда адамның басы ауырады, жүрегі айниды, құсады. Былайша айтқанда, кәдімгідей менингиттің белгілері болады. Бұдан бөлек энцефалиттік және сал ауруына әкеп соқтыратын формалары кездеседі", - деп атап көрсетті инфекционист.
Маманың сөзіне қарағанда, кене энцефалитінің инкубациялық кезеңі 7-14 күнді құрайды. Кей кезде аурудың белгілері ертерек, я болмаса, сәл кештеу шығады. Осы орайда дәрігер кене көбейген уақытта дұрыс киінуге және арнайы медициналық препараттарды қолдануға кеңес берді.
Оқи отырыңыз: Адам өміріне аса қауіпті: кене шаққанда не істеу керек?
"Табиғатқа шықсаңыз, міндетті түрде денені толығымен жабатын киім кигеніңіз дұрыс. Шалбардың балақтары мен көйлектің жеңіне резеңке тағып қойса да, артық етпейді. Сонда кене киімнің астына өтіп кете алмайды. Мойынды жабу үшін капюшон немесе жақсы бір орамал тағып алу қажет. Сосын әрбір 20-30 минут сайын үсті-басты түгел қарап шыққан жөн. Осының арқасында киімде кене болса, оны дер кезінде алып тастауға болады", - деді Русанова.
Сондай-ақ, дәрігер репелленттерді, яғни, арнайы химиялық құралдарды қолдану қажеттігін жеткізді. Үй жануарлары болса, серуеннен кейін олардың міндетті түрде толығымен қарап шығу қажет. Сосын кене энцефалитіне қарсы вакцина алған жөн.