Түркістандық жігітке тұрмысқа шыққан тай қызы сиыр сауып, қазақ тілін үйреніп жүр

Жас отбасы қазір шетелде тұрады. Келешекте жастар Қазақстанға келіп, Алматы қаласында тұруды жоспарлап отыр
Sputnik

АЛМАТЫ, 17 мамыр – Sputnik. Түркістандық жігіт Рахат Әнапия мен тайландтық бойжеткен Корнканок Хачоктың неке қидырып, отбасы құрғанына бес жыл болды. Қазақ отбасына келін болған соң ислам дінін қабылдап, Гауһар есімін алған. Өткен жылы жас отбасы Қазақстанда той жасады, енді екінші той Тайландта өтеді. Алайда коронавирус пандемиясына байланысты уақыты кейінге шегерілген. Жастар қазір білім алып, тәжірибе жинақтау үшін шетелде жүр.

Sputnik Қазақстан тілшісі Рахат пен Гауһарға хабарласып, қалай танысқаны, екі жастың үйлену туралы шешімін жанұялары қалай қабылдағаны және отбасылық өмірі жайлы сұрады.

Тайландтан Түркістанға дейін

Рахат пен Гауһар 2015 жылы Америка Құрама Штаттарында Бостон қаласында бір жерде жұмыс істеп жүріп танысады. Ол кезде Рахат Америкаға Work and Travel бағдарламасымен барған еді.  

Түркістандық жігітке тұрмысқа шыққан тай қызы сиыр сауып, қазақ тілін үйреніп жүр

"Шетелден қыз алу туралы бұрын мүлде ойламаған едім. Себебі Түркістан қаласынан 40 шақырым жерде орналасқан Бабайқорған ауылында туып-өстім. Қаратау бөктерінде орналасқан ауылда нағыз қазақы тәрбие алып, әжемнің баласы болдым. Басқа ұлт өкіліне, оның ішінде шетелде туып-өскен қызға үйленемін деген ой болмады. Гауһарды кездестіргенше осылай ойладым", – дейді Рахат Әнапия.

Бойжеткенмен жақын таныса бастаған соң ауылдағы отбасына шетелдік қызбен сөйлесіп жүргенін айтқан. Арада бірнеше ай өткен соң Қазақстанға оралып, Гауһарды еліне қонаққа шақырған. Осы кезде ол отбасына қарым-қатынасының тұрақты екенін, ойының байыпты екенін жеткізген.

"Үйдегілер қазақтан қыз алғаның дұрыс қой деді. Басқа ұлт өкілімен ертең сөйлесуіміз, құдалармен араласуымыз қиын болады. Келін мен ене ретінде араласуымыз қиын болады. Әлде де ойлансаңшы" деп айтты. Бірақ менің шешіміме тікелей араласқан жоқ. "Өзің білесің, дұрыс болар еді..." деген мағынада қарсылық танытты", – дейді Рахат.

Алайда Рахат әжесінің ақ батасын алуға асыққан. Ол әжесін көзі ашық жан еді деп еске алады. Осылайша отбасы ішіндегі шешімнің нүктесін әжесі қойған. "Қандай ұлт, кім екені маңызды емес. Балам жақсы көріп тұрса болды. Біз ақ батасын береміз", деп қолдау көрсеткен.

Осылайша, 2016 жылдың қаңтарында Гауһар алғаш рет Қазақстанға келген. Рахат ол кезде елордадағы Еуразия Ұлттық университетінде оқып жүрген. Шетелдік бойжеткен Қазақстанды көріп, ел астанасымен танысқан.

Араға бірнеше ай салып, сол жылдың қазанында қайтадан Қазақстанға келеді. Бұл жолы Рахаттың отбасымен танысқан.

"Менің шақыруыммен Қазақстанға келді. Отбасыммен таныстыру үшін ауылыма апардым. Ата-анам, әжеммен таныстырдым. Әжеме бірден ұнады. Бастапқыда қарсылық танытқан ата-анам Гауһарды көрген соң ойын бірден өзгертті. Риазшылығын білдіріп, батасын берді. Көрмей тұрып қарсы болған еді", – дейді Рахат.

Оның айтуынша, ауылға апарып таныстырғанының өз себебі бар. Алдымен ата-анасымен таныстырып, өзінің қандай жерде өскенін, қазақы отбасының қандай болатынын көрсеткісі келген.

"Ауылдың тұрмыс-тіршілігін өзі көрсін, соған дайын болсын деп апардым. Ауылда тұра ала ма, соған көз жеткізу үшін апардым. Өзі де танысты, білді. Егер өзіне ұнамаса, кез келген уақытта шешімін өзгерте алатын еді. Ауылда тұратынымды көрсеттім. Соның бәрін көрді, сиырды да сауды, даланы да жинады. Қарсы емес екенін білдірді", – дейді Рахат.

Той жыры

Екі жастың танысқанына бір жылдан аса уақыт өткен соң Рахат Гауһарды өзіне жар етемін деп шешкен. Бұл Гауһардың Қазақстанға алғашқы сапары кезінде қабылданған шешім болатын.

"Отбасын 2016 жылы қаңтарда құрдық. Бұл – Гауһардың Қазақстанға екінші рет келгенінде еді. Ауылға барып таныстырып, Түркістаннан Астанаға келдік. Осындағы "Нұр-Астана" мешітінде некемізді қидық. Бірақ заң жүзінде некемізді тіркемедік", – дейді ол.

Рахаттың әжесі 2017 жылы дүниеден өтті. Түркістандық жігіт әжесінің ақ батасын алып, келінімен таныстырып үлгергеніне қуанады.

Қазір екі жас екеуара ағылшын тілінде сөйлеседі. Себебі екеуіне де ыңғайлы тіл – осы. Соған қарамастан қазаққа келін болған тай қызы қазақ тілін курсқа қатысып үйреніп жүр.

"Келешекте қазақ тілінде қарым-қатынас жасаймыз деген ниет бар. Ата-анаммен қазақ тілінде сөйлеседі. Әрине, Гауһар қазақша көп сөзді түсінбейді. Қажет кезде өзім аударма жасап отырамын. Мен жұмыста болғанда немесе сыртта жүргенде анам келіні екеуі ымдап болсын түсінісіп жүр", – дейді Рахат.

Оның сөзінше, Тайландта күйеу жігітке қатысты дәстүр жоқ. Екі жас бір-бірін жақсы көрсе, екеуінің арасына ешкім түспейді, дейді ол. Күйеу балаға өз отбасының мүшесі ретінде қарайды. Ең бастысы – күйеу жігіт қалың мал төлеуі керек.

"Біздің жағдайымызда қалың мал болған жоқ. Себебі Гауһардың әкесімен арамызда келісім болды. Екеуіміз сөйлесіп, ол жағын талқыладық. Нәтижесінде ешқандай салт-дәстүрді қолданбай, еуропалық үлгіде бір тоймен шектелеміз деп шештік. Себебі екі жақтың да өз салт-дәстүрі бар. Соның бәрін ескеріп, қалың мал, құдалық жасамаймыз деп шештік", – дейді ол.

Түркістандық жігітке тұрмысқа шыққан тай қызы сиыр сауып, қазақ тілін үйреніп жүр

Өткен жылы екі жас Қазақстанда той өткізді. Енді екінші той қыздың елінде өтеді. Қазір коронавирус пандемиясына байланысты уақыты кейінге шегерілген.

Қонақ күту әдебі ерекше ұнаған

Ал Гауһар Рахатты кездестірмей тұрып Қазақстанды тек әлем картасында бар мемлекет ретінде ғана таныған, Еуропаға жақын ел деп ойлаған. Алайда қазақ тілі, ұлттың салт-дәстүрі жайлы естімеген. Қазақстанда болып, қазақ жігітпен бас қосу туралы шешіміне отбасы еш қарсы болмаған.

"Отбасым естіген кезде қарсы болмады. Себебі Тайландта бұл қалыпты жағдай. Сонымен қатар бізде баланың шешіміне ата-анасы араласпайды. Бұл баланың жеке шешімі. Ал қазақ тіліне келер болсақ, бұл тілді үйрену оңай деп айта алмаймын. Қазір оқып, үйреніп жүргеніме үш ай болды. Алматы қаласынан мұғалім тауып, онлайн курсқа қатысып жүрмін. Практикада да қолданып үйренудемін", – дейді Гауһар.

Алайда ол Рахаттың бірге оқыған достарының басым бөлігі қазақ тілінде емес, орыс тілінде сөйлейтінін байқаған.

"Рахаттың достары Павлодар, Орал қаласынан екен. Орыс пен қазақ тілін араластырып сөйлейді. Сол себепті Қазақстанда жүргенде бірнеше тілді қатар түсіну қиын болды. Ал исламды қабылдау қиын болған жоқ. Себебі дінді оқып, зерттедім. Маған барлық жағынан ұнады. Қазір де дінді толық білуге тырысып жүрмін", – дейді ол.

Айтуынша, салт-дәстүрдің ішінде қонақ күту әдебі ерекше ұнаған. Келген қонақты "қуыс үйден құр шықпа" деп дастархан жаятыны ерекше әсер қалдырған екен.

"Тайланда мұндай жоқ. Қонақ келсе, су немесе кофе ұсынамыз. Ал қазақтарда қонақ қаласын-қаламасын дастархан жайып, нан ауыз тигізу бар. Әрине, бұл маған ұнады. Сондай-ақ Тайландта жаңа түскен келінге ешқандай талап қойылмайды. Әркім өз жұмысын істеп жүре береді. Қазақ отбасындағыдай көптеген міндет жоқ", – дейді Гауһар.

Тайландта қалың мал бар. Оны "син-сот" деп атайды. Бұл жақта біздің валютаға шаққанда 40-50 миллион теңгені барлық отбасы беру міндеттелмеген. Мұны тек ауқатты отбасылар береді. Ал жалпы Тайландта қалың мал 1-50 миллион теңге аралығында деп есептелген. Ал қыздың жасауы жоқ. Бір ұқсастық – қыз ұзату тойы. Ол жақта да қызды шығарып салу тойы өтеді.

Ал тай қызына Гауһар есімін өзінің жұбайы ұсынған. Себебі Корнканок есімі асыл тас деген мағына береді. Сол себепті өз атының қазақша нұсқасын алуды жөн көрген.

Жастардың жоспары

Түркістан облысында жастар алты ай бойы ата-анасының жанында тұрған. Жарты жылда жас келін қазақтың ұлттық тағамы ет пен бауырсақ әзірлеуді үйреніп, қонақ күту әдебін игерген.

Түркістандық жігітке тұрмысқа шыққан тай қызы сиыр сауып, қазақ тілін үйреніп жүр

Келешекте жастар Қазақстанға келіп, Алматы қаласында тұруды жоспарлап отыр. Қаладан пәтер алып, жұмыс істеу ойында бар. Бұған дейін Алматыда бірнеше рет болған ерлі-зайыпты қаланы, қала маңындағы жерлерді ұнататынын айтады. Тіпті болашақта қай қалада тұратындарын бірлесіп бірнеше қаланы аралап жүріп шешкен.

Ал әзірге алдағы бір-екі жыл сырт елде болып, білім алып, тәжірибе жинақтамақ. Сол тәжірибемен Қазақстанға оралғысы келеді.