АЛМАТЫ, 17 мамыр – Sputnik. Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 68 жасқа толды.
Тоқаев туған күнін атап өткенді ұнатпайды, бұл туралы бұған дейін оның баспасөз хатшысы Берік Уәли айтты. Бұл президент отбасында туған күн тойлау дәстүрінің болмауына байланысты қалыптасқан, отбасыда ешкім атаулы күнді тойламайды.
Жұлдызнама бойынша торпақ
Қасым-Жомарт Тоқаев жұлдызнама бойынша торпақ. 1953 жылы 17 мамырда Шығыс күнтізбесі бойынша жылан жылы дүниеге келген.
Президент өзін төмен бағаламайды, ол тұйық әрі сезімтал адам деген қорытынды жасады графолог Сергей Алесковский.
"Қасым-Жомарт Тоқаев – бірқалыпты, сабырлы әрі әрекетін болжауға болатын адам. Жазу жолының түзу сызығы мұны растайды. Тәртіп, тәртіп, тағы да тәртіп – жазу жолының көлденең болуы бізді алдамайды", - деген тұжырым жасады Алесковский.
Кімнің құрметіне Қасым-Жомарт деп атаған
Тоқаев өзінің "Әкем туралы" кітабында есімінің алғашқы бөлігі Қасым ағасына байланыстырып қойылғанын жазған. Араб тілінен аударғанда Қасым "әдемі, көркем" деген мағына береді. Ал Жомарт деп анасы ұлын қолы ашық, жүрегі кең болсын деген оймен қойған.
Әлеуметтік желіде кейде мемлекет басшысының бейресми фотосуреттері жарияланады. Мысалы президенттің баспасөз хатшысы Берік Уәли Instagram парақшасында наурызда президенттің тазы тұқымды иттермен серуендеп жүргенде түскен фотосын жариялады.
Ал 2021 жылдың бірінші қаңтарында президент саябақта, ағаштардың арасында суретке түсті.
Тоқаев қанша тіл біледі
Тоқаев Мәскеу мемлекеттік Халықаралық қатынастар институтында оқыған, оны 1975 жылы бітірді.
Қазақстан басшысы бес тілді біледі: қазақ, орыс, ағылшын, қытай және француз тілдері.
Тоқаев жариялаған сөгіс
Тоқаев – ұстамды адам және көпшілік алдында эмоциясын сирек көрсетеді. Алайда арасында қол астындағыларға қатаң сөгіс береді.
Мысалы жақында ел басшысы жолдардың жай-күйін сынға алып, бірқатар шенеунікті, соның ішінде "Қазавтожол" басшысын жұмыстан шығаруды бұйырды. Президент вакциналау қарқынына да наразалық білдірді.
"Екі ай ішінде екпе алғандардың саны 0,1%-ке де жетпейді! Енді маған басқа мемлекет басшыларымен қосымша вакцина жеткізу туралы уағдаласуға тура келеді... Біз жеткізуді жеделдету үшін өзімізге тиімсіз коммерциялық және қаржылық шарттарға келісуге мәжбүрміз", - деді Тоқаев денсаулық сақтау министрлігінің басшысы Алексей Цойға.
Тоқаев егер жағдай жақсармаса, министрлер кабинеті мүшелерін жұмыстан босататынын айтты.
Тоқаевтың хоббиі
Мемлекет басшысы көркем, саяси және мемуарлық әдебиет оқығанды ұнатады.
Тоқаев салауатты өмір салтын ұстанады, ол 13 жыл бойы Қазақстан Үстел теннисі федерациясының басшысы болды, әлі күнге дейін жас ойыншылармен бәсекелесе алады.
Президент ажырасқан, Тимур есімді ұлы бар.