НҰР-СҰЛТАН, 17 мамыр – Sputnik. Павлодарда екі үй және үш шаруашылық қора-жай өртеніп кетті. Бұл туралы Павлодар облысы төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.
Дүйсенбі 12.50-де Қостанай 34 көшесінде өрт шыққаны туралы хабар түсті. Жеке тұрғын үй секторында екі жер үй мен үш шаруашылық қора-жайдың шатыры жанған. Жалын 390 шаршы метр аумаққа шарпыды.
ТЖ орнына бірден тоғыз автомашинамен 39 құтқарушы, бір техникамен апаттар медицинасы орталығының үш қызметкері және екі автокөлікпен төрт полицей аттанды.
Бір сағаттан соң, 14.15-те тілсіз жау ауыздықталды. Өрт әлі толығымен сөнген жоқ.
Өрт сөндірушілер сыйымдылығы 27 литр газ баллонын сыртқа шығарды.
Қаза болғандар мен зардап шеккендер жоқ. Оқиғаның себебі мен шығын анықталып жатыр.