Қоғам

Маман вакцина салдырған адам қандай жағдайда инфекция жұқтыруы мүмкін екенін айтты

Вакцина алып алғаннан кейін, масканы шешіп, эпидемиологиялық талаптарды сақтамаса, адам ауырып қалуы мүмкін
Sputnik

АЛМАТЫ, 17 мамыр – Sputnik. Алматы қаласы қоғамдық денсаулық басқармасы басшысының орынбасары міндетін уақытша атқарушы Лаура Мырзағали коронавирусқа қарсы вакцина салдырған адамның қандай жағдайда инфекция жұқтыруы мүмкін екенін айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

"Спутник V" вакцинасының екі компонентін салдырғаннан кейін бір ай адамның ағзасында толық иммунитет қалыптасады. Вакцина алып алғаннан кейін, масканы шешіп, эпидемиологиялық талаптарды сақтамаса, адам ауырып қалуы мүмкін. Алайда вакцина салдырған адам аурудың жеңіл түріне шалдығады. Әр ағза әртүрлі болады. Вакцина алғаннан кейін жан-жағымызда коллективті иммунитет қалыптаспаса, қайтадан ауырып қалу қаупі бар. Бұл – заңдылық", - деді Мырзағали.

Айтуынша, вакцина салдырған адамды коронавирусқа қарсы емдеуге қатысты жаңа хаттама жоқ. Коронавирус инфекциясын жұқтырған науқасты емдеу әдісі бойынша ем қабылдайды.

Алматыда қанша адам вакцина салдырды?

Қалада 2021 жылдың бірінші ақпанынан бастап мақсатты топтар екпе салдыруды бастады. Ал халықты жаппай вакциналау 2 сәуірде басталды.

"Аман қалудың жалғыз жолы…" Мейрамбек Бесбаев халыққа үндеу жасады 

Алматыда қазірге дейін 275 мыңнан аса адам коронавирусқа қарсы вакцина салдырды.

"Қазірге дейін қалада 270 568 адам вакцина алды, оның ішінде құқық қорғау органдарының 19 435 қызметкері, 20 896 педагог, 27 045 медицина қызметкері бар. Диспансерлік есепте тұрған адамдар, мемлекеттік қызметшілер, студенттер, зейнеткерлер және 60 жастан асқан адамдар, қала тұрғындары өз еркімен вакцина алды", - деді Мырзағали.

Вакциналау үшін қазір 214 вакцина пункті жұмыс істеп тұр. Енді медицина ұйымдарында, мектептерде, мәдениет орындарында, базарлар мен қаладағы сауда және ойын-сауық орталықтарында 250 егу пунктін ашу жоспарланған.