НҰР-СҰЛТАН, 15 мамыр – Sputnik. Грузияда жұмбақ жағдайда көз жұмған қазақстандық Әсел Айтбаеваның ата-анасы бас прокуратураға арыз жазды. Қыздың отбасы әлі күнге дейін күйеу баласы Мұрат Мейірбековті Грузияға депортациялай алмай жүр, деп хабарлады КТК.
Әсел Айтбаеваның көз жұмғанына он күндей уақыт болса да, қазақстандық құқық қорғау органдары жантүршігерлік оқиғаға қатысты жұмған аузын ашпай отыр. Ақмола облысының полицейлері ішкі істер министрлігіне сілтесе, министрлік бас прокуратураға бағыттаудан әрі аса алмай қойған. Сыртқы істер министрлігі де о баста "бәрі бақылауда" деп, бұл істен ат-тонын ала қашқан.
Бүгін бойжеткенді дүниеге әкелген әке-шешесі бас прокуратураға бас сұқты. Олар Мұрат Мейірбековті Грузияға экстрадициялауды сұрайды.
Айтбаевтардың Грузиядағы қорғаушысы да қылмыстық істегі басты кейіпкер Мұратты Грузияға алдырту үшін прокуратураға арызданбақ.
"Мен жәбірленуші тарап секілді Әселдің өзін-өзі өлтіргеніне сенбеймін. Оны – өлтірген. Қылмыстық іс "өзін-өзі өлтіру" емес, "өлтіру" бабы бойынша жүргізілуге тиіс. Егер тергеу Мұраттан жауап алмаса, мен өзім оның тергелуін талап етемін. Себебі, ол – істегі басты кейіпкер. Қызды Грузияға әкелді, марқұмның қалдырған айғағында оны зорлағаны айтылған", - дейді Айсұлу Айтбаеваның адвокаты Нино Андриашвили.
Грузиядағы телеарналар Мұрат Мейірбековтің суретін жарыса көрсетіп жатыр. Жасы 37-де. Бірінші некесінен қызы, екіншісінен ұлы бар. Қазір әйелінің аяғы ауыр. Ал Мұраттың енесі күйеу баласына шаң жуытпай отыр. Айтуынша, оның еш кінәсі жоқ.
"Ол аудандық ішкі істер бөліміне барып, өзінің жауабын берді. Кінәлі деп айта алмаймын. Қазір тергеу жүріп жатыр. Бәрі оны жеңгетайлықпен айналысқандай жауыз қылып, айтып, жазып жатыр. Ол отбасылы азамат. Шынымды айтсам, қызға қайғырдым. Обал болды", - дейді Мұрат Мейірбековтің енесі.
26 жастағы қазақстандық қыз 5 мамырда Тблилисидегі көпқабатты үйдің 9-қабатынан құлап көз жұмған. Марқұм сол кезде жалғыз жеңіл жейдеде болыпты. Дәл қазіргі күні Әселдің жұмбақ өліміне қатысы бар 57 жастағы Бесик Тордуа қамауда. Күдікті қызбен ара қатынасы тым жақын болғанын, тіпті үйленгісі келгенін және оны өлтірмегенін айтып ақталыпты. Оның сөзіне марқұмның ата-анасы сенбейді.
"Күдіктінің адвокаты олардың үйленгісі келгенін айтады. Ол – өтірік. Менің қызымның тұрмысқа шығу туралы ойы болған жоқ. "Жасың жетті, тұрмысқа шық" деген кезде де Әсел қарсылығын білдірген. Арманы ақша тауып, өз пәтерін алу еді. Егер үйленгісі келсе, ол зорлық көрсетіп, терезеден лақтырып жібере ме? Ол махаббат емес қой", - деді Әселдің әкесі Алтай Айтбаев.
Шым-шытырық оқиғаның мән-жайымен грузиндік полицейлер айналысып жатыр. Тергеуге маңызды айғақ ретінде Әселдің Бесикпен бір сағаттық сөйлескен аудиожазбасы пайдаланылуда. Ал соттың бірінші отырысы 23 маусымға жоспарланған.
Sputnik Грузия агенттігі Грузияның бас прокуратурасы Мұрат Мейірбековке сырттай айып таққанын хабарлады. Тергеу мәліметі бойынша ол 28-29 сәуірде қызды екі рет зорлаған. Сонымен қатар Мұраттың қазақстандық қызды ұрып-соққаны туралы хабарланды. Заңға сәйкес, егер оның кінәсі дәлелденсе, қазақстандық алты жылдан сегіз жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.