Денсаулық

Бала тамақтан уланса не істеу керек

Тамақтан улану - бұл зиянды бактериялардың, химиялық заттардың, улы саңырауқұлақтар мен өсімдіктер токсиндерінің тамаққа түсуінен ас қорыту жүйесінің бұзылуы
Sputnik

Баланың тамақтан улануының белгілері

Тамақтан улану көбіне жеке гигиена талаптарын сақтамау салдарынан туындайды. Инфекция лас қол, жуылмаған жеміс пен көкөніс, ортақ ойыншықтар, ыдыс-аяқ арқылы беріледі.

Көп жағдайда дизентерия, сальмонеллез, эшерихиоз секілді ішек инфекциялары - балалардың улануының ең көп тараған себебі. Ағзаға микробтар енгеннен кейін токсиндердің бөлінуі және интоксикация басталады. Мұның белгілері ретінде дене температурасының көтерілуін, бас ауруын, әлсіздікті атауға болады. Уланудың алғашқы белгілері инфекция ішке кіргеннен кейін шамамен бірнеше сағаттан кейін (әдетте 4-6 сағат) көрініс береді. Тамақтан уланудың негізгі белгілеріне мыналар жатады:

  • Көп рет құсу;
  • Шырыш немесе қорытылмаған ас араласқан сұйық нәжіс;
  • Іштің ауыруы.

Сонымен қатар дене қызуы 38°С-қа дейін немесе одан да жоғары көтерілуі мүмкін. Бала енжар болып, әлсіздік, бас ауруы, тәбеттің жоғалуы байқалады. Құсу және диарея салдарынан ағза көп сұйықтық жоғалтады. Ал бұл балалар үшін аса қауіпті.

Мұндай симптомдар байқалған уақытта баланы тез арада дәрігерге көрсету керек. Бала өз салмағының 10 процентін құрайтын көлемде сұйықтық жоғалтса, ол өлімге алып келуі мүмкін екенін естен шығармаған жөн.

Тамақтан улануды емдеу

Бала тамақтан уланса, шұғыл түрде дәрігерге қаралу керек. Егер қатты уланған болса, ауруханаға жату керек болады. Дәрігер келгенге дейін мейлінше көп сұйықтық беріп, алғашқы көмек көрсету қажет. Бұл ағзаның суды көп жоғалтуына жол бермейді.

Үй жағдайындағы алғашқы көмек

Бала ағзасынан шыққан сұйықтықтың орнын толтыру керек. Ол үшін морс, шай, глюкоза ерітіндісі секілді сұйықтық ішкізу қажет. Регидрон – тек ересектерге арналған препарат. Оны балаларға беруге болмайды!

Бала ағзасындағы токсиндерді шығару үшін энтеросорбенттер – өзінің үстіңгі қабығында ішекке түскен зиянды заттарды ұстап тұра алатын препараттарды қолданады. Олардың қатарына Смекта, Энтеросгель, Полифепан жатады.

Егер бала әлі де емшекте болса, онда емізуді тоқтатпаған дұрыс. Сонымен қатар қосымша жоғалтқан су мен электролиттердің орнын толтыру үшін глюкоза-тұзды ерітінді беру қажет. Егер бала жасанды емізу жолымен тамақтанатын болса, онда сүтті қоспаларды беруді жалғастыра беру керек. Оған қосымша ретінде күріш қайнатпасын қосуға болады. Көкөніс және жеміс езбесі, ботқа, ет секілді тағамдарды нәжісі қалыпқа келгеннен кейін үшінші күні жеуге рұқсат.

Едәуір ересек жастағы бала тамақтан уланған болса, алғашқы тәулікте де жеңіл диетаны сақтаған жөн. Балаға суға қайнатылған күріш ботқасын, айран, кептірілген нан, сүт қосылмаған картоп езбесін, көкөніс сорпасын беруге болады. Аздаған порцияны бірнеше уақыт аралығын сақтай отырып ішу керек.

Химиялық затпен уланған жағдайда симптомдар осы токсиндердің әрекетіне байланысты болады және жүйке, тыныс алу және жүрек-қантамыр жүйесінің жұмысы бұзылуына алып келуі мүмкін. Әсіресе үйде дайындалған консервідегі тағамнан улану аса қауіпті. Себебі оның ішінде қауіпті ботулотоксин бөлетін ботулизм бактериялары көбеюі мүмкін. Бұл токсиннің жүйке жүйесінің салдануын тудыратын қасиеті бар. Медициналық көмек уақытылы көрсетілмесе, ақыры қайғылы болуы мүмкін. Ботулизмді емдеу инфекциялық ауруханада өтеді. Мұнда балаға дереу ботулотоксинге қарсы препарат егіледі.

Улы саңырауқұлақ пен өсімдіктен уланған баланы емдеу қанға сіңбей тұрғанда уды жылдам ағзадан шығаруға бағытталған. Мұндай жағдайда дәрігер келгенге дейін алғашқы көмек көрсету маңызды.

Тамақтан уланудың алдын алу

Балалардың тамақтан улануының алдын алу тамақтанар алдында, әжетханаға барғаннан кейін қол жуу секілді қарапайым жеке гигиенаны сақтауды қарастырады. Көкөніс пен жемісті жемес бұрын жақсылап жуу қажет. Азық-түлік өнімдерінің сақталу мерзіміне мән беріп, мерзімі өткен тағамды тастаған дұрыс. 

Күн жылы кезде тамақты шамадан тыс көп дайындамаған абзал. Себебі бірнеше сағаттан кейін кез келген тағамда бактериялар саны артып, ол ауру тудыруы мүмкін.

Балаларға өз бетінше саңырауқұлақ, жидек теруге рұқсат бермеу керек. Бұл іс ересектердің қатаң қадағалауымен орындалуы қажет. Сонымен қатар 5 жасқа толмаған балаларға құрамында саңырауқұлақ бар асты бермеген дұрыс. Себебі бала ағзасы мұндай тағамды қорыту үшін қажетті ферменттердің тиісті көлемін өндіре алмайды.

Балаларды суға шомылдыру кезінде де сақ болған жөн. Өйткені дизентерия секілді инфекциялардың қоздырғыштары суда ұзақ уақыт бойы тіршілік ете алады.