Өңірлер

Алматыда жас жігіт көшеде жүрген адамдардың кредитін төлеп берді – видео

Нұрбектің айтуынша, ол осы қайырымдылық шарасына шамамен бір миллион теңгеден аса қаржысын жұмсаған
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 15 мамыр – Sputnik. Алматыда TikTok-блогер Нұрбек Нұртаз көшеде кездескен кездейсоқ алматылық тұрғындардың кредитін жауып берді, деп хабарлайды Almaty.tv. 

Қайырымдылық жасаған блогер бұл әрекетін видеоға түсіріп, әлеуметтік желіге салған. Желіде оқырмандар Нұрбекке қолдау білдіріп, пікір қалдырып жатыр. 

Ал блогер бұл идея оған аяқ асты келгенін айтады.

"Біз қайырымдылықпен жиі айналысқанымызбен, оны үнемі көрсете бермейміз. Кез келген адамға жақсылық жасауымыз мүмкін. Егер адам қиналып тұрса, барынша көмектесуге тырысамын. Біреуге көмектесуге мүмкіндігің болып тұрса, қайырымдылық жасаған жөн. Менің бұл идеямды әйелім мен отбасым қолдады", – дейді блогер.  

Нұрбектің айтуынша, тұрғындардың көбі оның бұл ісіне сенбеген және осы қайырымдылыққа шамамен бір миллион теңгеден аса қаржысын жұмсаған. Барлығы үш адамның кредиті жабылды.

Видеода түсірілген күзетшінің 463 мың теңге несиесі қалған екен, оның 300 мыңын жауып берген. Ең қызығы, оның әйелі блогердің оқырманы екен, олар телефон арқылы сөйлесіп, келіншек блогерге күйеуімен суретке түсуді өтінді. Одан бөлек, блогер көшеде түрлі тауар сататын егде жастағы апалардың заттарын көбірек сомаға сатып алды. Ал олар блогерге бата беріп, ұзақ өмір тіледі.