Өңірлер

Шығыс Қазақстанда мал жаппай қырылып жатыр

Облыстық ветеринарлар 25-28 сәуір аралығында өңірде ауа температурасы төмендеп, жауын-шашын түсуі әлсіреген малдың өлуіне себеп болуы мүмкін екенін айтады
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 14 мамыр – Sputnik. Шығыс Қазақстан облысының Зайсан ауданында мал жаппай қырылып жатыр. Облыстық ветеринария басқармасы жануарлардың өлуіне гипотермия себеп болуы мүмкін, деп хабарлайды жергілікті YK-news.kz басылымы.

Зайсан ауданының Шілікті ауылдық округінде 28 сәуір мен 12 мамыр аралығында 12 бас ірі қара мен 100 бас ұсақ мал (10 күндік қозылар) өлді. Қазіргі кезде мемлекеттік ветеринария инспекциясының мамандары жаппай қырылудың себептерін анықтауда.

Облыстық ветеринария басқармасы басшысының орынбасары Ертай Батхолдин брифингте жалпы Шілікті ауылдық округінің 17 тұрғыны 100-ге жуық ірі қара мен 110 бас қой-ешкі ауырғанын айтты. Осы күндері ветеринарлар тұрғындармен бірге ауру малдарды емдеу жұмыстарын жүргізуде.

Қыс мезгілінен кейін малдың иммунитеті әлсіреп, күш-қуаты сарқылатынын атап өткен мамандар 25-28 сәуір аралығында өңірде ауа температурасы төмендеп, жауын-шашын (жаңбыр мен қар) болғанын айтады.

"Соның салдарынан әлсіреген жануарларда гипотермия пайда болып, жас жануарлардың жаппай қырылуына әкеп соқтырған. Қазіргі кезде өлекселерден патологиялық сынамалар алынып, облыстық зертханаға тапсырылды", – дейді Ертай Батхолдин.

Ведомство бұл бойынша ветеринариялық-профилактикалық іс-шаралар толық көлемде жүргізілгенін, ауыл шаруашылығы жануарларына уақтылы вакцинация жүргізілгенін атап өтті.

Айта кетейік, Шілікті ауылдық округінде соңғы үш жылда ауылшаруашылық жануарларының арасында ерекше қауіпті аурулар тіркелмеген.

Оқи отырыңыз: Арыста ескі мал қорымдары табылды: аурудың таралу қаупі бар ма?