Денсаулық

Мидың қатерлі ісігі: емдеу және алдын алу

Адам ағзасындағы ісік тәріздес түзілістердің барлық түрінің шамамен 6%-ін бас миының түрлі ісік түрлері құрайды
Sputnik

Мидың қатерлі ісігі деген не

"Мидың қатерлі ісігі – бұл бас сүйегінің ішінде пайда болған түзіліс. Ол ми тінінің, мидағы жүйке, қабығы, қан тамырлары, эндокриндік құрылымдардың ісіктен зақымдалуын қамтиды. Мұндай ісіктер сипаты бойынша қатерлі емес және қатерлі болып келеді", - дейді онколог дәрігер Александр Серяков.

Қатерлі ісік өте тез өсуі және айналасындағы тіндерге қарай өтуімен ерекшеленеді. Глиома – мидың қатерлі ісігінің ең көп таралған түрінің бірі. Оның ең агрессивті түрі - глиобластома. Ол тез өседі, шеттері айқын болмайды. Нашар емделеді, рецидив ықтималдылығы жоғары.

Мидың басқа қатерлі ісіктеріне мыналар жатады:

  • менингиома - ми қабығының ісіктері;
  • нейроэпителиалды ісіктер (ганглиомалар және астроцитомалар);
  • невриномалар - жүйке жасушаларының қабығынан пайда болған ерекше ісіктер.

Мидың қатерлі ісігінің себептері

Ғалымдар ісіктердің пайда болуының нақты себебін әлі анықтаған жоқ. Бірақ олардың өсуіне радиоактивті сәулеленудің, ағзаға енетін токсиндердің және қоршаған ортаның ластануының ықпалы туралы болжамдар бар. Балаларда туа біткен жаңа түзілістер болуы мүмкін.

Бассүйек-ми жарақаты да бұл аурудың ықтимал факторына айнала алады.

Мидың қатерлі ісігінің кейбір бөліктері басқа ауруды емдеу үшін қолданылған сәулемен емдеу әдісінен, иммунитетті басу бойынша емдеу, АВТ инфекциясын емдеуден кейін пайда болуы мүмкін деген мәлімет те бар. Кей адамда мидың қатерлі ісігніңі кейбір түрлеріне бейімділік болады. Алайда көп адамда бұл аурудың не себепті пайда болатыны әзірше белгісіз.

Бас миындағы ісіктердің 10-30%-і метастазды туындау сипатына ие – бұл қан ағысымен ми қан тамырларына, тіндерге, қабығына жеткізілген жасушалар.

Көп жағдайда миға мыналар метастаздалады:

  • ер адамдарда – өкпенің зақымдалуы, колоректалды обыр, бауырдың зақымдалуы;
  • әйелдерде – омырау обыры, меланома, колоректалды және өкпе обыры.

Миішілік метастаздар жатыр, ас қорыту немесе қуық асты безінің қатерлі ісігі кезінде пайда болады.

Мидың қатерлі ісігінің белгілері

Ошақты симптомдар көбіне бірінші болып білінеді. Олар ісіктің өз айналасындағы тіндерді басып тұруы және бөгде денеге химиялық реакция, қан құйылу, ісікті эмболаның қан тамырларын бітеуі, тіндерді, жүйкелерді басып тұру салдарынан пайда болады. Егер ісік үлкен болса, онда масс-эффект пайда болуы мүмкін. Бұл кезде мидың негізгі құрылымдары жылжып, мишықтың бас сүйек саңылауына енуі туындайды,

Ең ерте байқалатын себептердің бірі – бас ауруы. Ол әдетте қан тамырлары, жүйке және ми қабығының тітіркенуінен пайда болады. Бүкіл бастың диффузды түрде ауыруы байқалса, бұл көбіне ми қабығының зақымдалуымен байланысты болады. Сипаты бойынша ауырсыну ұстама секілді, терең, қарқынды немесе керіп ауыру түрінде бола алады.

Тағы бір белгісі – тамақтанумен еш байланысы жоқ жүрек айну. Ол бас қатты ауырған кезде немесе онымен байланысты болмауы мүмкін.

Бас айналу дененің немесе айналадағы заттардың айналуы түрінде болуы мүмкін.

Бұлшықет әлсіреуі, дененің бір жағынан екінші жағы қатты ерекшеленетін бұлшықеттің гипертонусы, сіңір рефлекстерінің өзгеруі де ықтимал. Сондай-ақ бұлшықет-буынға да зақым келуі мүмкін.

Кей ісік кезінде дірілді синдром болуы мүмкін. Бұл көбіне мидың зақымдалуының алғашқы белгісі болады. Абсанстар, тоникті-клонды ұстамалар, Джексон эпилепсиясы да болуы мүмкін. Кейбір науқастарда тырыспа алдында аура да болады. Ісік өскен сайын парциалдық тырысу немесе ошақ белсенділігінің төмендеуі болады.

Кейбір адамда психикалық ауытқу байқалады. Немқұрайлылық, инициативаның жоқтығы, агрессия, эйфория немесе шектен шыққан көңілшектік, апатия, өзіне тым қатты көңіл толуы да мидың зақымдалуының белгісі болуы мүмкін. Ісік өскен сайын бұл симптомдар да ауырлай түседі. Тіпті галлюцинация, жады жұмысының қатты бұзылуы, алаңғасарлық, ойлау жетіспеушілігі де болады.

Көздің көруі де нашарлап, көру жүйкесінің аумағында іркілістер де байқалады. Бұл көз алдының бұлыңғырлануымен, қара нүктелердің немесе үлдірдің пайда боулымен, нашар көрумен сипатталады. Көз жанары жан-жаққа ауытқып кетуі мүмкін.

Қосымша мына белгілер де болады:

  • есту нашарлайды;
  • афазия;
  • атаксия;
  • көз жанары қимылының бұзылуы;
  • галлюцинация (есту, дәм сезу);
  • вегетативті дисфункция.

Егер гипоталамо-гипофизарлы жүйе зақымдалса, онда гормондар алмасуына зақым келеді.

Мидың қатерлі ісігінің кезеңдері

Қатерлі ісікпен зақымдану әдетте сатылы түрде өтеді. Сондықтан емдеу әдісі мен болжам, типтік белгілері мен симптомдары анықталады. Ең жеңілінен бастап ең ауырына дейін барлығы 4 кезең анықталған.

  • Бірінші сатысы – бұл жағдайда мидағы бір бөлікті жаңа түзіліс, түйін зақымдайды, көрші тіндерге ісік әлі енбеген, мидың айналасындағы учаскелерге қысым жасалмайды;
  • Екінші сатысы – ісік баяу өседі, бірақ көрші учаскелерге өткен;
  • Үшінші сатысы – ісік құрылымы өзгерген, жасушалар жылдамырақ бөлінеді, көршілес бөліктер мен тіндер өсе бастайды;
  • Төртінші сатысы – ісік үлкен, көршілес ми құрылымдарына қарай өседі, баяу метастаздар ықтималдылығы бар.

Мидың қатерлі ісігін емдеу

Дұрыс емдеу тактикасын таңдау үшін тек ісіктің өзін анықтап қана қоймай, оның түрін, яғни қатерлі емес немесе обырлы екенін анықтау керек, жасушалардың сатысы мен түрін бағалау қажет (ісіктердің әр түрі әрқалай өседі және терапия да оларға әрқилы әсер етеді).

Диагностика

Бірінші тексеруді невролог өткізеді. Дәрігер науқастың жалпы шағымын бағалап, тексеру жүргізеді, бұлшықет тонусын, рефлекстерді, кері байланысын, көңіл-күйін және когнитивті функцияларды тексереді. Сонымен қатар ЭЭГ, эхо-энцефалография жүргізіледі. Көздің көру қабілетін, көз жанарын бағалау үшін офтальмологтан тексеруден өтуге нұсқау беріледі.

Ісік тәріздес түзіліс пайда болуына күдік болса, онда алдымен миға КТ немесе МРТ жасалады. Сонымен қатар ми қан тамырлардың ангиографиясы, ПЭТ және басқа да қосымша зерттеулер тағайындалуы мүмкін. Кейбір жағдайларда биопсия қатерлі ісік түрін анықтауға көмектеседі. Бірақ оны барлық жағдайда жасау мүмкін емес.

Заманауи емдеу тәсілдері

Емдеу көлемі бас миы ісігінің өсу қарқынына қарай анықталады. Ісікті хирургиялық жолмен алып тастау ең тиімді әдім болып саналады. Хирургиялық микроскопия және навигация қолдану жаңа түзілісті зиянсыз алып тастауға және сау тіндерді зақымдау қаупін төмендетуге мүмкіндік береді. Егер ота арқылы ісікті толық алып тастау мүмкін болмаса, онда науқасқа химия, таргетті сәулелеу немесе иммунды терапия тағайындалады.

Көлемі шағын (3 сантиметрге дейін) ісіктерге стереотаксикалық радиохирургия жасалуы мүмкін. Ісік тіндерін жою үшін бірден бірнеше радиация шоғыры қолданылып, олар бір нүктеге немесе бірден бірнеше нүктеге бағытталуы мүмкін. Оның сәулелену бағыты сеанс кезінде өзгеріп отырғанымен, бұл сәулелер шоғыры міндетті түрде ісік тіні арқылы өтеді.

Ірі ісіктер үшін, әсіресе ісікті жедел жою мүмкін болмаған жағдайларда классикалық қашықтықтан сәулемен емдеу әдісі қолданылады. Кейбір жағдайларда бұл терапия хирургиялық араласудан кейін рецидив, яғни ісіктің қайта өсу қаупін төмендету үшін қолданылады.

Химиотерапия ісіктің түрін ескере отырып цитостатикалық дәрілермен жүргізіледі. Оны сәулелік терапиямен үйлестірген жағдайда жүргізілетін химиотерапияның тиімділігі едәуір артады.

Радио және химиотерапиямен бірге жүргізілген таргетті терапия мидың агрессивті ісіктері бар науқастардың өмір сүру деңгейін арттыруға мүмкіндік береді. Бұл жиі жағдайда глиобластоманы емдеуде қолданылады.

Қазіргі уақытта қатерлі ісіктердің иммунды терапиясын қолдану әдістері мен оны қолда бар емдеу стандарттарына интеграциялау қарастырылып жатыр.

Мидың қатерлі ісігінің алдын алу

Онколог дәрігер Александр Серяковтың айтуынша, мидың қатерлі ісігінің алдын алуға мынаны қамтиды:

  • салауатты өмір салты;
  • оңтайлы физикалық белсенділік (дұрысы таза ауада);
  • толыққанды демалыс;
  • зиянды әдеттерден бас тарту (темекі шегетін және алкогольді ішімдікті асыра пайдаланатын адамдарда бас миы ісігінің пайда болу ықтималдығы 30%-ке артады);
  • жемістер мен көкөністерді көбірек тұтыну;
  • күйзеліске түсіретін жағдайларды шектеу (немесе жағымсыз жағдайларға қатысты өз көзқарасын өзгерту).