НҰР-СҰЛТАН, 13 мамыр — Sputnik. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бірқатар мемлекеттің басшыларымен телефон арқылы сөйлесті, деп хабарлады Ақорда.
Телефон арқылы әңгімелесу барысында Қасым-Жомарт Тоқаев пен Әзербайжан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан, Өзбекстан президенттері бір-бірін қасиетті Ораза айт мерекесімен құттықтады. Мемлекет басшысы бауырлас халықтарға жақсылық, бақ-береке тіледі.
Сонымен қатар тараптар Орталық Азиядағы бейбітшілік пен тұрақтылықты қамтамасыз ету ісіндегі тығыз ықпалдастықты жалғастыра беруге уағдаласты. Қырғыз көшбасшысы гуманитарлық көмек көрсеткені үшін Қасым-Жомарт Тоқаевқа алғыс білдірді.
Президент Эмомали Рахмонмен келіссөз барысында Қасым-Жомарт Тоқаевтың алдағы уақытта Тәжікстанға жасайтын ресми сапарының жай-жапсары қарастырылды.
Президенттердің пікірінше, Душанбеде өтетін келіссөздер қазақ-тәжік ынтымақтастығының көкжиегін кеңейтуге мүмкіндік береді және өңірлік ынтымақтастықты жандандыру жөніндегі жаңа қадамдарды белгілейді.
Мемлекетаралық байланыстардың перспективалары да Қазақстан мен Түрікменстан президенттері сұхбатының негізгі тақырыбы болды.
Қасым-Жомарт Тоқаев пен Гурбангулы Бердімұхамедов қазақ-түрікмен көпжоспарлы серіктестігін жаңа әрі сапалы деңгейге жеткізуге бейілді екенін нақтылады. Мемлекет басшыларының пікірінше, бұған Қазақстан президентінің алдағы уақытта Ашхабадқа жасайтын сапары айтарлықтай септігін тигізеді.
Мемлекет басшылары сауда-экономикалық, инвестициялық және мәдени-гуманитарлық байланыстардың даму қарқынын сақтау мақсатындағы екі ел үкіметтерінің ықпалдастығын атап өтті. Қазақстан мен Өзбекстанның көшбасшылары Орталық Азия өңіріндегі ахуал мен Ауғанстан проблемасы бойынша пікір алмасты.
Қасым-Жомарт Тоқаев Шавкат Мирзиёевті биыл Қазақстанға сапармен келуге шақырды.
Әзербайжан президенті Ильхам Әлиевпен әңгімелесу кезінде қазақ-әзербайжан ынтымақтастығының барлық бағытына тың серпін беру үшін әлеуетті барынша пайдаланудың маңыздылығы айтылды.
Өзара сауда-саттықты ұлғайтуға, экономиканың негізгі салаларындағы бірлескен жобаларды іске асыруға бағытталған шаралар қабылдау туралы уағдаластыққа қол жеткізілді. Қасым-Жомарт Тоқаев Түркі кеңесіндегі Қазақстанның бастамаларына қолдау көрсеткені үшін әзербайжандық әріптесіне ризашылығын білдірді.