Қоғам

Халық сыймай кетті: Нұр-Сұлтанда айт намазы қалай өтті – фото

Мешіт қызметкерлері намаз оқитын кілемдерді төсеп, ара қашықтықты сақтауға арналған белгілер орнатқан
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 13 мамыр – Sputnik. Бүгін барлық мешітте Ораза айт намазы оқылды. Эпидемиологиялық жағдай толығымен түзелмесе де, биыл жамағатпен бірге мұсылмандық парызды орындауға рұқсат беріліп отыр. Sputnik Қазақстан тілшісі Нұр-Астана мешітіне барып, Ораза айт намазына қатысып қайтты.

Халық сыймай кетті: Нұр-Сұлтанда айт намазы қалай өтті – фото

Бүгін таңмен таласқан астаналықтар пандемияны бір сәтке ұмытып, бұрынғы өмірге оралғандай болды. Мешітке жақындаған сайын халықтың қарасы көбейіп, барлығы бір сапқа тұруға асықты. Бұрынғыдай көліктерін жолдың жиегіне тастап, мешітке тезірек жетуге тырысты.

Халық сыймай кетті: Нұр-Сұлтанда айт намазы қалай өтті – фото

Ал сапқа қосылған адамдар бір-біріне жақын тұруды қалады. Бірақ имам дауыс зорайтқыш арқылы үнемі санитарлық талаптарды еске салып отырды. Осы жолы мешіт қызметкерлері намаз оқитын кілемдерді төсеп, арақашықтықты сақтауға арналған ағаш белгілерін де орнатты. Сөйтіп бір кілемшенің үстінде екі-үш адам ғана намаз оқыды.

Халық сыймай кетті: Нұр-Сұлтанда айт намазы қалай өтті – фото

Дегенмен аулаға сыймай, ағаштардың арасына кіріп кеткен адамдар бір-біріне жақын тұруға тырысты. Нұр-Астана мешітінде бас мүфтидің орынбасары Ершат Оңғар да жамағатпен бірге намаз оқыды.

Халық сыймай кетті: Нұр-Сұлтанда айт намазы қалай өтті – фото

"Аллаға шүкір, елімізде мешіттердің сыртында жұма намазын оқуға рұқсат берілді. Міне, бүгін Ораза айт намазын оқып жатырмыз. Пандемия жағдайында біз өмірді басқа қырынан таныдық. Әсіресе арақашықтықты сақтай отырып, қайырымдылық іс-шараларын көп өткіздік. Алла тағала осы қайырымдылық шараларымызға атсалысқан барша иманды жандардың тілеуін берсін. Ғибадат-құлшылықтарын, ізгі амалдарын сауаптан жазсын. Халқымызға мына жұқпалы індеттен аман-есен шығуымызды нәсіп етсін. Алла тағала бізді қалыпты өмірге қайтарып, мішеттеріміз толып, қайтадан жамағатпен бірге намаз оқуға көп дұға қылуымыз қажет", – деді Оңғар Sputnik Қазақстан тілшісіне берген сұхбатында. 

Халық сыймай кетті: Нұр-Сұлтанда айт намазы қалай өтті – фото

Астаналықтар да жамағатпен бірге намаз оқып жатқанына қуанып жатыр. 

"Мына пандемия сияқты қиын жағдайды ептеп еңсеріп, жамағатпен бірге намаз оқуға рұқсат беріліп отыр. Алла қаласа осы індеттен құтылып, қалыпты өмірге ораламыз. Халқымыз аман болсын", – дейді олар.  

Нұр-Астана мешітінде өткен Ораза айт намазында өзге елдің азаматтары да болды.