НҰР-СҰЛТАН, 13 мамыр – Sputnik. Былтыр Қазақстан мен Қырғызстан арасында тауар айналымы 2019 жылмен салыстырғанда 15,3%-ке төмендеген. Сауда және интеграция министрі мұның себебін түсіндірді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Сенаттың жалпы отырысында депутат Бауыржан Қаниев Қазақстан мен көрші қырғыз елі арасында тауар айналымы неге кемігенін сұрады.
"Министрліктен алған ақпаратқа сәйкес, Қазақстан мен Қырғызстан арасында былтыр тауар айналымы 2019 жылмен салыстырғанда 15,3%-ке төмендеген. Экспорт 9,9%-ке, импорт 26%-ке кеміген. Ал сауда балансы, керісінше, 20,6 миллион АҚШ долларына өскен. Бұл немен байланысты", - деді сенатор.
Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов пандемия мен коронадағдарыс салдарынан екі елдің экономикасы да минусқа кеткенін айтты.
"Жалпы біздің экспортымыз да, импортымыз да төмендеді. Бірақ импорттың төмендеуі көбірек болды. Экспорт 62 миллион долларға, ал импорт 92 миллионға қысқарды. Сондықтан арадағы айырмашылық сауда балансының жақсаруына тікелей әсер етіп тұр", - деп түсіндірді министр.
Осы ретте ведомство басшысы нақты қандай тауарлардың экспорты мен импорты азайғанына тоқталды.
Оқи отырыңыз: Қазақстан мен Ресей арасындағы тауар айналымы пандемияға дейінгі деңгейге жетті - Мамин
Айтуынша, бидай экспорты 18 миллион долларға, темекі өнімдері 11,5 миллион долларға, металл конструкциялар 6 миллион долларға қысқарған.
Ал импорт бойынша – былғарыдан жасалған аяқ киімдер 15 миллионға долларға, сәндік косметика 12 миллион долларға азайған.