НҰР-СҰЛТАН, 13 мамыр – Sputnik. Америкада Техастан Нью-Йоркке дейін созылып жатқан және күніне 2,5 миллион баррельден астам мұнай өндіретін Colonial Pipeline ірі мұнай құбыры тоқтап тұр, деп жазады РИА Новости.
Федералды тергеу бюросы Associated Press-ке ұсынған ақпаратына сәйкес, зиянды компьютерлік бағдарлама Colonial Pipeline иелерін мұнай айдауды тоқтатуға мәжбүрледі. Қазір хакерлер компания басшылығымен құнын төлеу бойынша келіссөздер жүргізіп жатыр. Үш күннен бері мұнай құбыры жұмыс істеп тұрған жоқ. Соның салдарынан бензин қымбаттап жатыр. Бұлай жалғаса берсе, бензин әлі де қымбаттай түседі.
Бұл хакерлік шабуылдар Байден "дәуірінің" экономикалық проблемаларын айшықтап тұр. Себебі Трамп президент болған шақта елде бензиннің бір галлоны екі доллар (бір литрі үшін шамамен жарты доллар) тұрды. Бүгінде бір галлон бағасы 3,5-4 долларға дейін қымбаттады. Ал Калифорния штатында бұл баға тіпті бес долларға жететін түрі бар.
Colonial Pipeline төңірегінде туындаған түсініксіз жағдайлар алдағы уақытта жанармай бағасының күрт қымбаттауын ақтайтын себеп болмақ. Оның неге алып келерін айтпаса да түсінікті. Әуе билеттерінен бастап азық-түлікке дейін баға шарықтайды. Бұрындары америкалықтар акциялар мен жылжымайтын мүлікке қарай ысырғысы келген инфляция енді көрініс бере бастайды.
Бұл дағдарыс қолдан жасалып отыр деуге де негіз бар. Байден Ақ үйге бас сұққаннан бастап-ақ тақтатасты мұнай өндірісін шектеп, Keystone XL мұнай құбыры жобасын жапты және жасыл энергетикаға инвестициялауға уәде етті. Мұның барлығы өндірісті коронавирус пандемиясы басталғанға дейінгі деңгейге жеткізуге мүмкіндік бермеді.
Қазір пандемиядан кейін отын бағасы өсіп, елдегі жаппай жүріп-тұру, автокөліктер қозғалысының маусымы басталып жатыр. Ал сұранысты қанағаттандыратын шикізат жоқтың қасы. Бензин бағасы тіпті аспандап кеткені де таңғаларлық жайт емес.
Кейбір елде отын бағасын тежеуге арналған түрлі қаржы құралдары бар. Мысалы, Ресейде демпферлік механизм сәтті қолданылып келеді. Мұнда жанармай бағасы әлемнің басқа елдеріндегіден әлдеқайда арзан. АҚШ-та жанармай бағасының қымбаттауына қарамастан америкалықтар жасыл экономиканы жақтаушы Грета Тунбергтің армандарын іске асыруға атсалысып жатыр.
Бір жыл бұрын солшыл демократтардың жұлдызы Александрия Окасио-Кортес твиттерде "біздегі мұнай саласы құрылымдық құлдырау алдында тұр" деп жазды. Дәл сол шақта өндіруші өнеркәсіп саласындағы адамдар жаппай жұмыстарынан айырылып, шағын және ірі компаниялар дағдарысқа ұшырап жатты. Сондықтан конгрессвумен твитті өшіруге мәжбүр болды. Бірақ америкалықтардың Демократиялық партияны қаржыландырып отырған олигархтар АҚШ-тағы мұнай саласын құлдыратуды көздеп отыр деп санауына себеп жоқ емес.
Цифрлық корпорацияларға иелік ететін америкалық олигархтар үшін мұнай саласын құрдымға жіберу пайдалы. Бірақ мұның салдарынан миллиондаған қарапайым азамат зардап шегіп отыр. Жалпы АҚШ-та "цифршылар" өндіруші өнеркәсіпке қарсы, электрокарлар бензинді қозғалтқыштарға қарсы, соя етін өндірушілер мал етін дайындайтындарға қарсы.
"Мен президент Путинмен кездесуді жоспарлап отырмын. Айтылатын әңгіме бар, - деп мәлімдеді кеше Джо Байден. – Әзірше біздің арнайы қызмет аталған шабуылға Ресейдің қатысы бар екенін растайтын дәйек таппады. Бірақ өндірісті іске қосу үшін құн сұрап отырған бағдарлама Ресейде орналасқаны дәлелденді".
Орыс хакерлерінің айыпталып отырғаны бірінші рет емес. Демократиялық партия компьютерлеріне шабуыл, сайлау процесіне араласу, өткен жылдың желтоқсанында америкалық мемлекеттік мекемелердегі компьютерлік желідегі ақаулар және тағысын тағылар. Бірақ Американың өзінде де бұл салада жағдай мәз емес. Мысалы дәл осы жылдары АҚШ компьютерлік қылмыс бойынша әлем елдері арасында көш бастап тұр.