Оқиға

Жіп үзіліп кеткен: Арыста екі жұмысшы өлім аузынан қалды – видео

Тәртіп сақшылары құдық ішіне құлаған жұмысшыларды тартып шығарып, жедел жәрдем қызметкерлеріне тапсырды
Sputnik

АЛМАТЫ, 12 мамыр – Sputnik. Түркістан облысы Арыс қаласында кәріз құбырын тазалау үшін құдыққа түскен қызметкерлер қайта шыға алмай қалған. Бұл туралы полицияға сол маңда тұратын әйел хабарлады.

Түркістан облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің хабаралуынша, екі ер адам тереңдігі 4 метрлік кәріз құдығына түскен кезде беліндегі жіп үзіліп кеткен. Бірі құдықтың беткі жағында ілініп қалса, екіншісі құдық табанына құлаған.

Учаскелік полиция инспекторы Бақытжан Жақсылық пен Асанхан Сыздықов шұғыл түскен хабарлама бойынша оқиға орнына барған кезде ол жерде бір топ адам көмектесу мақсатында жиналғанын көрген. Ал құдық ішіндегі жұмысшылар кәріздегі иістен уланып қалған. Тәртіп сақшылары құдық ішіне құлаған адамды жіппен тарту арқылы шығарып, жедел жәрдем қызметкерлеріне тапсырды. 

Жансақтау бөліміне жатқызылған жұмысшылардың қазіргі жағдайы жақсы деп бағаланып отыр.

"Қызмет барысында осындай жағдай болды. Қиын сәтте дер кезінде келіп, көмек қолын созған полицейлерге алғысым шексіз", – деді ойда жоқта өліммен бетпе-бет келген Махамбет Рүстемұлы.

Оқи отырыңыз: Астанада кәріз құдығынан қыздың денесі табылды: полиция тергеуді бастады