Қоғам

Министрлік мектептерде емтихан өткізбеуді сұраған депутатқа жауап берді

Он бірінші (он екінші) сынып оқушыларының мемлекеттік емтихандары 1-10 маусым аралығында өтеді
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 12 мамыр – Sputnik. Білім және ғылым министрлігі түлектердің қорытынды аттестаттау емтихандары 28 мамырда басталатынын хабарлады.

Бұған дейін мәжіліс депутаты Жұлдыз Сүлейменова үкіметтен коронавирусқа байланысты мектептерде емтихан мен соңғы қоңырау шарасын өткізбеуді сұрады. Ол қорытынды бағаны былтырғыдай оқу жылының тоқсандық бағалары бойынша шығаруды ұсынған еді.

Алайда білім министрлігінің баспасөз қызметі қорытынды аттестаттауға қатысты жоспар өзгермейтінін, мектептерде емтихан өткізілетінін мәлімдеді.

"9 (10) сынып оқушыларының қорытынды бітіру емтихандары 2021 жылы 28 мамыр мен 5 маусым аралығында өтеді", - деді баспасөз қызметіндегілер.

Қорытынды аттестаттау үш пән бойынша өтеді:

  • оқыту тілі бойынша эссе түрінде жазбаша емтихан;
  • математикадан (алгебрадан) жазбаша емтихан;
  • өзге тілдерде оқитын сыныптарда қазақ тілі мен әдебиетінен жазбаша емтихан;
  • қазақ тілінде оқытатын сыныптардағы орыс тілі мен әдебиетінен жазбаша емтихан.

11 (12) сынып оқушыларының мемлекеттік бітіру емтихандары 1-10 маусым аралығында өтеді.

Түлектер төрт пән бойынша емтихан тапсырады:

  • оқыту тілі бойынша эссе түрінде жазбаша емтихан;
  • алгебра және анализ бастамалары пәнінен жазбаша емтихан;
  • Қазақстан тарихынан тестілеу;
  • өзге тілдерде оқытатын мектептерде қазақ тілінен және қазақ тілінде оқытатын мектептерде орыс тілінен тестілеу.

Министрліктің ақпаратынша, биыл 2020-2021 оқу жылын 3,4 миллионнан астам оқушы аяқтап жатыр. Оның ішінде 150 мыңға жуығы — 11 (12)-сынып түлектері, 270 мыңға жуығы — 9-сынып оқушылары.