Оқиға

Риддердегі алапат өрт: Тоқаев шұғыл көмек көрсетуді тапсырды

Мемлекет басшысы Шығыс Қазақстан облысындағы өрт салдарын жою мен тұрғындарға көмек көрсету жұмыстарын жіті бақылауда ұстап отыр
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 11 мамыр - Sputnik. Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Риддер қаласындағы алапат өрттен зардап шеккен тұрғындарға көмек көрсетуді тапсырды. Ал ол жерде күні кеше ғана тілсіз жаудың құрсауында қалған 35 тұрғын үй күлге айналған болатын.

"Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша үкімет пен Шығыс Қазақстан облысының әкімдігі өрттен зардап шеккен Лесхоз кентінің тұрғындарына көмек көрсетіп, баспанамен қамтамасыз ету жұмыстарын жүргізіп жатыр. Бұл мәселені президент өз бақылауында ұстап отыр", – деп жазды президенттің баспасөз хатшысы Берік Уәли өзінің Facebook-тегі парақшасында.

Өрт қайдан шықты

Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметов өрттің шығу себебі алдағы екі-үш күнде анықталатынын айтты. 

Әлеуметтік желілерде тараған ақпараттарға сүйенсек, қатты желдің әсерінен өрт тез жайылып, аз уақыттың ішінде орманнан тұрғын үй секторына өткен.

1948 жылы туған әйел қайтыс болып, тағы екі адам жан сақтау бөлімінде жатыр.

Өрттен зардап шеккендер қайда тұрады

Облыс әкімі Ахметовтің айтуынша, баспана мәселесін алдағы 2,5 ай ішінде  толығымен шешу көзделіп отыр.

"Мен өртте қаза тапқан ауыл тұрғыны Галина Филаретовна Спивакованың отбасы мен туыстарының қайғысына ортақтасып, көңіл айтамын. Сондай-ақ, зардап шеккен өзге де тұрғындардың тезірек сауығып кетуіне тілектеспін", – деді Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметов. 

Осыған орай, жергілікті азық-түлік дүкендерінде жинау пункттері жасақталып, кейбір автокөлік қауымдастықтары тегін жеткізіп беру қызметін ұсынды.

Сонымен қатар, төтенше жағдайлар министрлігінің сенім телефоны іске қосылды. Сондай-ақ, көмекке мұқтаж кез-келген адам мына нөмірге қоңырау шала алады: 8 (7232) 55-38-19. Тағы бір айта кетерлігі, сенім телефоны арқылы психологтар да жұмыс істейді.