Өңірлер

ШҚО полициясы өртке кінәлі күдікті ұсталғанын мәлімдеді

Қазіргі кезде арнайы тергеу тобы жасақталып, бейнебақылау жазбалары зерделенуде. Сонымен қатар, тергеушілер куәгерлерден жауап алуда
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 11 мамыр – Sputnik. Шығыс Қазақстанда орман өртіне қатысы бар деген күдікпен бір адам ұсталды. Бұл туралы облыстық полиция департаментінің басшысы Елдос Зәкімов мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

"Осы қылмыстық іске қатысы бар деген күдікпен бір адам ұсталды. Бұрын сотталмаған және Риддер қаласының 35 жастағы тұрғыны", – деді Елдос Зәкімов.

Оның айтуынша, 10 мамырда Қылмыстық кодекстің 204-бабы, 2-бөлігі (отпен немесе қауiптiлігі жоғары өзге де заттармен ұқыпсыз жұмыс iстеу арқылы ауыр зардаптарға әкеп соққан немесе аса ірі залал келтірген іс-әрекет) бойынша сотқа дейінгі тергеу басталған.

Қазіргі кезде арнайы тергеу тобы жасақталды. Олар бейнебақылау жазбаларын зерделеп, куәгерлерден жауап алып жатыр. Ішкі істер министрлігі тергеу шараларын бақылауға алды.

Оқи отырыңыз: Риддерде төтенше жағдай режимі жарияланды

Айта кетейік, аталған бап бойынша кінәліге 2 000 айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салу немесе сол мөлшерде түзеу жұмыстарына тарты қарастырылған. Сондай-ақ, 600 сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға қатыстыру немесе екі жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеуге яки сол мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы көзделеді.