Оқиға

Электр бағанын теңселтіп жіберді: Алматы облысында парапланмен ұшқандар құлады – видео

Зардап шеккендердің бірі ауыр жағдайда жансақтау бөліміне, ал екіншісі түрлі жарақатпен травматология бөліміне жеткізілді
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 11 мамыр – Sputnik. Шамалған ауылында парапланмен ұшып жүрген екі адам ауа ағыны әсерімен электр желісіне ілініп, жерге оңбай құлады. Олардың бірінің жағдайы өте ауыр, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

Оқиға болған сәтте түірілген видео әлеуметтік желілерде пайда болды. Кадрдан парапланның биіктікте бірқалыпты жылдамдықпен қалықтап келе жатқаны көрінеді. Кенет, ауа қысымына ұшыраған параплан шатыры кілт шайқалып, ырық бермей төмен қарай құлдилай жөнеледі. Жолай электр желісіне түйіскен парапландағы екі адамның салмағы қос бағанның бірін теңселтіп, екіншісін құлатып жібереді. 

Облыстық әкімдіктегілер бұл оқиғаны растап, 9 мамырда парапланмен ұшқан 1971 және 2004 жылы туған екі адам биіктіктен құлағанын хабарлады. Қазір екеуі де Қарасай ауруханасында жатыр.

Ал облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі зардап шеккендердің жағдайы жеңіл емес екенін атап өтті.

"50 жастағы науқаста қосарлы жарақат: жабық бас-ми жарақаты мен бірнеше жерінің сынығы, өкпе мен жүректің ісінуі бар. Сондай-ақ 2-3 дәрежелі травматикалық шок алған. Қазіргі кезде жансақтау бөлімінде жатқан оның жағдайы ауыр", – деді денсаулық сақтау басқармасының баспасөз хатшысы Ләйлім Әубәкірова.

Оқи отырыңыз: Шымкентте әуе шары құлады – видео

Ал 2004 жылы туған науқас травматологиялық ауруханаға орташа ауыр жағдайда жеткізілді. Оның да жабық бас-ми жарақаты мен омыртқаның жабық сынығы жарақатын алғаны анықталды.