Оқиға

Бүтін бір отбасы көз жұмды: Павлодарда болған өрттің мән-жайы

Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, өртке төсекте темекі тарту себеп болуы мүмкін
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 10 мамыр – Sputnik. Павлодарда 9 мамырда төрт адамның өмірін қиған өрттің мән-жайы анықталды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

Оқиға орнынан бүтін бір отбасы – төрт адамның мәйіті табылды. Олардың арасында – 72 жастағы Виктор Лау, оның денесін өрт сөндірушілер үшінші қабаттан, лифт маңынан тапқан. Марқұмның 1952 жылғы әйелі Нинаның мүрдесі жанып кеткен жатын бөлмеден табылды. 1991 жылғы қыздары Людмиланың мәйіті 9-қабаттың баспалдағында жатқан. Ал 2018 жылғы жиендерінің денесі жетінші қабаттан табылды. Отбасы өртенген пәтерде 2019 жылдан бері жалдап тұрған, деді брифингте Павлодар облысы төтенше жағдайлар департаменті басшысының орынбасары Мейрамбек Батырқұлов.

Көршілердің айтуынша, қаза болғандар ішімдік ішпеген. Пәтерден, алкогольдің бөтелкесі де табылмады.

Өрттің алдын ала себебі –  төсекте темекі тарту. Жатын бөлмедегі керуеттің қасында арнайы құрылғы – пирометр – ең жоғары температура (80-нен 90 градусқа дейін) көрсеткен.

Пәтерден қандай да бір оңай тұтанатын сұйықтық табылмады, мамандар өртке қысқа тұйықталу себеп болуы мүмкін деген болжамды қарастырып жатқан жоқ.

Тағы оқыңыз: Тілсіз жау 4 адамның өмірін жалмады: Павлодарда тұрғын үй отқа оранды – видео

Көршілерінің сөзінше, 72 жастағы Виктор Лау жатын бөлмесіндегі балконда жиі шылым шегетін. Дәл осы түні де марқұм бөлмеге темекімен кіріп, төсегіне жатып, ұйықтап кеткен болуы мүмкін.

Құтқарушылардың болжамынша, бүкіл отбасы ұйықтап жатқандықтан, өртті өте кеш байқаған. Отағасының әйелі 1952 жылғы Нина Фёдоровна жатын бөлмеде иіс тиіп есінен танған, денесі қатты өртенген. Күйеуі пәтерден шығып, лифтке жетіп үлгерген, ол үшінші қабатта көз жұмды.

Анықтаушылардың пікірінше, отағасы есікті ашқан кезде қою түтін төменге лап ете қалды. Сол себепті ерлі-зайыптының 30 жастағы қызы Людмила үш жасар қызымен бірге жоғары қабатқа көтерілмек болған. Кішкентай қыз жетінші қабатта, ал анасы тоғызыншы қабатта жан тапсырды.

Өрт сөндірушілер үшінші кіреберістен 25 адамды эвакуациялады.

Құтқарушыларға оқиға орнына жетуге аулада тұрған автокөлік кедергі келтірген. Техниканы жолдан алуға тұрғындар көмектесті.

9 мамыр 21.02-де Камзин көшесіндегі үйден түтін шығып жатқаны туралы ақпарат түсті. Өрт сөндірушілер сегіз минуттан кейін оқиға орнында болды.

Тілсіз жау он қабатты тұрғын үйдің үшінші қабатындағы пәтерден шығып, 72  шаршы метр аумақты шарпыған. Өрт жатын бөлмеден шыққан. Бөлмедегі жиһаздар түгел жанып кетті, төбе сылағы опырылған.