Өңірлер

Опық жеп қалды: досының кеңесіне құлақ асқан ШҚО тұрғыны сотталып кетті

Аңғалдық танытқан ер адам досының оны жаңылдырғанын түсініп, сот отырысында өз кінәсін мойындады
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 10 мамыр - Sputnik. Шығыс Қазақстан облысында үш жылға бас бостандығы шектелген ер адамның жазасы үш жылға бас бостандығынан айыруға ауыстырылды, деп хабарлайды ШҚО бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің баспасөз қызметі.

Ер адамға түрмеден босап шыққан досы есепке тұрмауға және пробация қызметіне тіркеуге бармауға кеңес берген. Оның бұл сөзіне құлақ асқан тұрғын басқа ауылға кетіп, 7 ай бойы пробация бақылауынан жасырынып жүрген.

"2020 жылы азық-түлік ұрлағаны үшін оның 3 жылға бас бостандығы шектелді. Сот оны 10 күн ішінде пробация қызметіне есепке тұруға міндеттеді. Алайда досының "жақсы" кеңесі бойынша сотталған адам бақылаудан жалтаруға шешім қабылдаған. Ол тіпті досының жақында түрмеден шыққанын білмеген ", - деді пробация қызметінің бастығы әділет майоры Қазкен Бодаев.

Кеңес берген ер адамның өзі пробация қызметінің бақылауынан жалтарғаны үшін сотталып кеткен.

"Ол есепке тұру үшін пробация қызметіне келген жоқ. Біз іздестіру іс-шараларын бастадық, сот қаулысы бойынша жазадан жалтарған сотталғанды "қамауға алу" түріндегі бұлтартпау шарасы белгіленді", - деп толықтырды Бодаев.

Аңғалдық танытқан ер адам досының осындай кеңес беру арқылы оны жаңылдырғанын түсініп, сот отырысында өз кінәсін мойындады. Енді ол түзеу мекемесіне жіберіліп, жазасын темір тордың арғы жағында өтейтін болады.

Оқи отырыңыз: Өскеменде түн ортасында бұрынғы әйелінің үйіне барған ер адамның өмірі өзгеріп кетті