Өңірлер

Шығыс Қазақстанда орман өрті 14 үйге шарпыды – видео

Риддер маңында орман өртеніп жатыр, өрт аумағы 300 гектардан асты. Қаза болғандар мен зардап шеккендер жоқ
Sputnik

АЛМАТЫ, 10 мамыр – Sputnik. Шығыс Қазақстан облысындағы Риддер қаласының маңында орман өртеніп, қызыл жалын тұрғын үйлерге жетті.

Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметі желдің салдарынан өрт Лесхоз кентінің 14 үйіне жайылғанын хабарлады.

"Қаза болғандар мен зардап шеккендер жоқ. Құтқарушылар Лихачев көшесінің 10 тұрғынын эвакуациялады. Өрт ошағында, орманда орман шаруашылығы жеке құрамының 100-ден астам адамы мен ШҚО ТЖД өрт сөндірушілері және 20-дан астам техника жұмыс істеп жатыр", - деп хабарлады ТЖД.

Қазір жанып жатқан орман алаңы 310 гектарға жетті. Өртті сөндіруге көмекке МИ-8 және МИ-2 авиа орман күзетінің 2 тікұшағы келді, 12 500 текше метр су төкті.

Ғаламторда оқиға орнынан куәгерлер түсірген видео мен фотолар жарияланып жатыр.

Алдын ала болжам бойынша өрттің шығуына отты абайсыз қолдану себеп болған.