НҰР-СҰЛТАН, 10 мамыр – Sputnik. Павлодарда көп қабатты үй пәтерінен шыққан өртте екі әйел мен ер адам және бір бала қаза тапты, деп хабарлады облыстық төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметі.
Камзин көшесіндегі №364 үйде шыққан өрт туралы хабар кезекші бөлімге 9 мамырда сағат 21.02-де түскен.
Тілсіз жау он қабатты тұрғын үйдің үшінші қабатындағы пәтерден шығып, 56 шаршы метр аумақты шарпыған.
Өрт сөндірушілер кіреберістен 25 тұрғынды эвакуациялады, оның төртеуі балалар. 21.30-да өрт оқшауланып, 21.48-де толық сөндірілді.
"Пәтер ішінен әйел адамның, ал баспалдақ маңынан ер мен әйелдің және бір баланың мәйіті табылды. Олардың барлығы да иіс тиіп уланған", – деді облыстық төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары Мейрамбек Батырқұлов.
Оқиға орнында 28 маман жұмыс істеп, өрт сөндіруге 8 техника мен сынамалы өрт сөндіру зертханасы жұмылдырылды. Алдын ала болжам бойынша, тұрғындардың отқа ұқыпсыз қарауы өрттің шығуына себеп болуы мүмкін.