Қоғам

"Студенттерді мәжбүрлеген": желіде тараған ақпаратқа түсініктеме берілді

Қауесет таратушылардың айтуынша, студенттерге қытайлық вакцинаға қазақстандық препараттың стикерлерін жапсыру тапсырылған
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 9 мамыр – Sputnik. WhatsApp мессенджерінде медициналық оқу орындарының студенттерін сабақ уақытында вакцина құтыларының жапсырмаларын ауыстыруға мәжбүрлейтіні туралы хабарлама тарады. Қазақстанның денсаулық сақтау министрлігі бұл қауесетті жоққа шығарды, деп хабарлайды stopfake.kz.

Мессенджерде тараған ақпаратта студенттерге шетелдік препаратты отандық өнім ретінде ұсыну үшін қытайлық вакцинаның стикерлерін QazVac стикерлеріне ауыстыру тапсырылғаны айтылған. Алайда министрлік мұның жалған екенін айтты.

Ведомство ақпаратынша, 30 сәуірде Қазақстанға "Hayat-Vax" вакцинасының 400 мың қаптамасы жеткізілді. Бұл препарат Қытайда жасалған және Біріккен Араб Әмірліктерінде өндірілген. Жеткізу кезінде барлық нұсқау мен белгілер араб және ағылшын тілдерінде болған. Ал "Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы" кодекстің 242-бабына сәйкес, Қазақстанда барлық дәрі-дәрмектің қаптамасы қазақ және орыс тілдерінде жақсы оқылатын қаріппен басылып, таңбалануға тиіс.

Тағы оқыңыз: "Вакцина салдырмасаң, анықтама бермейміз": Түркістан облысында болған оқиға

Қажетті белгілерді қоюға және нұсқаулығы бар парақтарды буып-түюге ерікті студенттер көмектесті.

"Стикерлеу бірыңғай дистрибьютордың Алматы, Нұр-Сұлтан, Ақтөбе, Шымкент қалаларындағы хабтарында жүргізілді. Әр қоймада 20-40 қызметкер жұмыс істеді. Жұмысты тездету үшін еріктілер шақырылды, оның ішінде Нұр-Сұлтанда – 2 адам, Алматыда – 5 адам, Ақтөбеде – 10 адам. Қоймаға кірмес бұрын олар ережемен танысып, қауіпсіздік техникасы бойынша нұсқаулық берілді. Тапсырма түсіндірілді: стикерлер мен аннотацияларды дайындау және буып-түю, содан кейін – стикерді қаптамаға жабыстыру. Олар өз еркімен көмек көрсеткендіктен, қандай да бір келісімдер мен шарттарға қол қою көзделмеген", – деп хабарлады денсаулық сақтау министрлігі.

Яғни, басылымның ақпаратынша, студенттер вакциналарды ауыстырмаған, тек заңмен талап етілген таңбаларды жабыстыруға көмектескен.

Еске салсақ, Қазақстанда жалған ақпарат таратқаны үшін қылмыстық жаза қарастырылған.