НҰР-СҰЛТАН, 8 мамыр — Sputnik. АҚШ-тың Айдахо штатында 6-сынып оқушысы атыс шығарды. Үш адам – бір күзетші және екі бала жарақат алды, деп хабарлайды Associated Press.
Джефферсон округының шерифі оқиғаның мән-жайын айтып берді. Оның сөзіне қарағанда, оқушы қыз тапаншаны рюкзактан алып шыққан. Сосын мектептің ішінде және сыртында бірнеше рет оқ атты. Мектеп мұғалімі ыңғайлы сәтті пайдаланып, оқушы қыздың тапаншасын алып қойды. Келіншек кішкентай баланы полиция келгенше ұстап отырды. Қазіргі кезде қылмыстың себебі анықталып жатыр. Сондай-ақ, полицейлер қыздың тапаншаны қайдан алғанын анықтауға кірісті. Мектеп оқушысының аты-жөні жарияланбай отыр.
"Біз сыныптастармен бірге класста отырғанбыз. Мұғалім де болды. Тапсырма орындап жатқан едік. Бір кезде қатты дыбыс естілді. Одан кейін тағы екі рет, сосын айқай-шу. Мұғалім не болды деп сыртқа шыққанда қанды көрді", -дейді мектеп оқушыларының біреуі.
Тағы оқыңыз: АҚШ-та мектепке бомба алып барған оқушы жараланды
Зардап шеккен оқушылардың жағдайы қалыпты. Жергілікті Idahonews басылымы таратқан мәліметке сәйкес, атыс кезінде зардап шеккендерге қаржылай көмек жинала бастады. Қазіргі кезде, кем дегенде, 47 мың доллар жиналды.
Айта кетейік, 1999 жылы Айдахо штатындағы Нотус қаласында мектеп оқушысы бірнеше рет оқ атқан. Сол кезде бір адам рикошетпен жарақат алды.