Фото

Әйгілі жазушы Сәбит Мұқанов өмірінің соңында қайда тұрды – фото

Sputnik

Әдеби бөлімде жазушының өмір жолын, қызметін баяндайтын, шығармашылық шеберханасынан сыр шертетін көптеген құнды құжаттар, фотосуреттер, қолжазбалар қойылған.

Мемориалдық бөлімде жазушының жұмыс кабинеті, қонақ бөлмесі мен демалыс бөлмелері қаз қалпында, жазушының тірі кезіндегі қалпын сақтаған.

Музей 1978 жылы ашылған. Музейді ашу туралы қаулы 1976 жылы шықты. Музей ішіндегі барлық затты Сәбит Мұқановтың жары Мәриям Мұқанова қаз қалпында өткізген. Мәриям Мұқанова Сәбит Мұқанов қайтыс болған соң бұл үйде екі жыл тұрған, содан кейін жаңа пәтер берілген соң сол жаққа көшкен.

Мұражайда 8 мыңнан аса экспонат бар. Оның ішінде Сәбит Мұқановтың қос домбырасы, бірнеше радио бар. Жеке бөлмесіндегі кітап сөресін арнайы тапсырыспен жасатқан. Ол жерде арнайы диван қоятын орын мен кітаптарды табуға оңай болуы үшін картотеканы әліпби бойынша орнатқан. Мұражай ішінде барлығы 4 мыңға жуық кітап қоры сақталған.

Тағы оқыңыз: Сөз зергері Ғабит Мүсірепов 17 жыл тұрған үйдің қазіргі келбеті – фото

Мұқанов бұл үйде 1965 жылдан 1973 жылға дейін тұрған. Жазу үстелінде қолданған заттары қойылған. Жеке жұмыс бөлмесінде Сәкен Сейфуллиннің фотосуреті тұр. Ол Сейфуллинді өзінің ұстазы санаған.

Айта кетейік, Үкімет қаулысымен 1999 жылы Сәбит Мұқановтың музей-үйі және Ғабит Мүсіреповтің музей-үйі әкімшілік-басқару жағынан біріктіріліп, "Сәбит Мұқанов пен Ғабит Мүсіреповтің мемлекеттік әдеби-мемориалдық музей кешені" болып қайта құрылды. 2015 жылдан бастап Алматы қаласы мәдениет басқармасының "Алматы қаласы музейлер бірлестігі" құрамына кірді.

Сәбит Мұқановтың музей-үйінен түсірілген суреттерді Sputnik Қазақстан фотолентасынан көре аласыз.

1 / 28
Әдеби бөлімде жазушының өмір жолын, қызметін баяндайтын, шығармашылық шеберханасынан сыр шертетін көптеген құнды құжаттар, фото-суреттер, қолжазбалар қойылған
2 / 28
Мемориалдық бөлімде жазушының жұмыс кабинеті, қонақ бөлмесі мен демалыс бөлмелері қаз-қалпында, жазушының тірі кезіндегі қалпын сақтаған
3 / 28
Сәбит Мұқановтың жұмыс бөлмесі
4 / 28
Мұражайда 8 мыңнан аса экспонат бар, оның тең жартысы қаламгер көзі тірісінде жинаған кітаптар
5 / 28
Сәбит Мұқанов пен жары Мәриям Мұқанованың суреті
6 / 28
Бала Сәбиттің суреті қойылған бөлме. Бұл жерде туған жерінің бір уыс топырағы мен бір уыс бидайы қойылған. Сондай-ақ қаламгер туып-өскен жұпыны үйдің макеті де бар
7 / 28
Сәбит Мұқанов пен жарының жатын бөлмесі. Бөлме ерлі-зайыптылар тұрған кездегі қалпын сақтап қалған. Ішіне қаламгер мен жарының киімдері, жеке бұйымдары қойылған
8 / 28
Қаламгер қолданған сия сауыт
9 / 28
Сәбит Мұқановтың домбырасы. Мұражайда екі домбыра бар. Бірі жұмыс бөлмесіне, бірі қонақ бөлмеде тұр
10 / 28
Мәриям Мұқанованың көйлегі
11 / 28
Сәбит Мұқанов Ақмола губерниясында 1900 жылы сәуірде кедей отбасыда дүниеге келген. Сәбит жеті жасқа толғанда әкесі, сегізге келгенде анасы қайтыс болған. Ол ағасы Мұстафаның қолында ержетті. Фотода Сәбит туған үй
12 / 28
Сәбит Мұқанов жұмыс бөлмесіндегі кітап сөресін арнайы тапсырыспен жасатқан. Ол жерде арнайы диван қоятын орын мен кітаптарды табуға оңай болуы үшін картотеканы әліпби бойынша орнатқан. Мұражай ішінде барлығы 4 мыңға жуық кітап қоры сақталған
13 / 28
Қаламгердің депутаттық билеті. Фотода 1955 жылы 4 шақырылымның депутаты болып сайланғанын және 1959 жылы 5 шақырылым депутаты болып сайланғанын растайтын құжат. Ол сондай-ақ, 3 және 8 шақырылым депутаты болған
14 / 28
Сәбит Мұқанов 1967 жылы Қазақ ССР-нің әдебиет және өнер саласындағы мемлекеттік сыйлығының лауреаты атанды
15 / 28
Сәбит Мұқанов 40-шы жылдары "Менің мектептерім" романын, "Балуан Шолақ" повесін, "Сырдария" романын, "Поэзия маршалы", "Майданға хат", "Жеңімпаз Қызыл Армия", "Фашизмнің ажалы" және тағы басқа прозалық және поэзиялық шығармаларын жазды.
16 / 28
Жазушының жұмыс бөлмесінде тұрған экспонат
17 / 28
Сәбит Мұқановтың жұмыс үстелі
18 / 28
Сәбеңе сыйға тартқан радио
19 / 28
Сәбит Мұқанов 80 мың жолға жуық лирикалық өлең, жиырмаға тарта поэма, бірнеше повесть пен роман, көптеген әңгіме, очерктер, оннан астам пьеса, жоғары оқу орындарына арналған оқулықтар, қазақ ақын-жазушыларының шығармаларын талдайтын монографиялар, қазақ мәдениетінің тарихы мен этнографиясы туралы зерттеу еңбектер және тағы басқа кітаптар жазып қалдырды
20 / 28
Қаламгердің жары Мәриям Мұқанованың жас кезі. Қаламгер "Сұлушаш" романын жарының шашына қарап бейнелеген
21 / 28
"Менің мектептерім" мемориалдық шығармасы. Бұл шығарманы қаламгер ата-анасы мен бауырларына арнаған
22 / 28
Радио
23 / 28
Сәбит Мұқановтың шығармалары әлемнің 46 тіліне аударылған. Қаламгер драматургия саласында да көп еңбектенді. Қаламынан туған "Шоқан Уәлиханов", "Қашқар қызы", "Сәкен Сейфуллин" пьесалары сахналанған
24 / 28
Отбасылық фотосурет. Сәбит Мұқанов екі рет үйленген. Бірінші жары көп тұрмай қайтыс болған соң, екінші рет шаңырақ көтереді. Жұбайы – Мәриям Қожахметқызы Мұқанова. Мәриям апаймен жазушы 47 жыл отасқан
25 / 28
Сәбит Мұқанов өмірінің соңында Шоқан Уәлиханов жайлы еңбек жазумен айналысқан. Шоқан туралы жазған еңбегінің 2 кітабы ғана аяқталған. Шоқанның өнегелі өмірінің ғұмырнамасына айналған еңбек аяқталмаған күйде қалды. Фотода жазушы өмірінің соңында қолданған қаламсап
26 / 28
Сәбит Мұқановтың киімдері
27 / 28
Фотода Сәбит Мұқанов, жары Мәриям Мұқанова, ұлы Арыстан. Жазушы Ғабит Мүсіреповтің үлкен қызы Энгелина Сәбит Мұқановтың Арыстан есімді ұлына күйеуге шыққан
28 / 28
Үкімет қаулысымен 1999 жылы Сәбит Мұқановтың музей-үйі және Ғабит Мүсіреповтің музей-үйі әкімшілік-басқару жағынан біріктіріліп, "Сәбит Мұқанов пен Ғабит Мүсіреповтің мемлекеттік әдеби-мемориалдық музей кешені" болып қайта құрылды