Өңірлер

Қарағандыда блок бекет қойылды – қалада не болып жатыр

Қарағандының кейбір тұрғындары қалада коронавирусқа байланысты карантиндік шаралар қатаңдатылып жатыр деп ойлаған
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 8 мамыр – Sputnik. Әлеуметтік желілерде Қарағандыда блок бекет қойылып жатқаны түсірілген видео тарады.

Қазір Қарағанды облысы инфекцияның таралу қарқыны бойынша "қызыл" аймақта тұр. Кейбір тұрғындар қалада былтырғыдай карантин күшейтіліп жатыр деп болжаған.

"Тағы басталған сияқты", "Жауып жатыр, мен өз көзіммен көрдім", - деп жазды желі қолданушылары видео астына.

Белгілі болғандай, блок бекет "Бірінші толқын" деп аталатын көркем фильмнің түсірілімі үшін қойылған.

Картинаны өңірлік Saryarqa телеарнасы түсіріп жатыр, деп түсініктеме берді Қарағанды облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Түсірілім тобы қала тұрғындарынан келтірілген қолайсыздық үшін кешірім сұрады, деп хабарлайды "КТК" телеарнасы.

"Өкінішке қарай, бұл блок бекет фильмді түсіру үшін орнатылғаны бәріне хабарланған жоқ", - деді фильм продюсері Жәнібек Садықанов.

Қарағандыда коронавирус пандемиясы туралы фильмнің түсірілімі басталғаны жайлы сәуірде хабарланған еді. Картина шынайы оқиғаға негізделген.

Негізгі кейіпкерлер: қарағандылық жастар, дәрігерлер, полицейлер, БАҚ, еріктілер. COVID-19 олардың әрқайсысының өмірін өзгертті. Премьера күзге жоспарланған.