НҰР-СҰЛТАН, 7 мамыр — Sputnik. Шымкентте әуе шары құлап, электр желісін үзді. Әлеуметтік желіде оқиғаның видеосы жарияланды.
Шымкент қаласы энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасының мәліметінше, оқыс оқиға 6 мамыр күні кешкі сағат 20:24 шамасында "Тұран" шағын ауданында болды.
"Қатты желдің салдарынан әуе шары электр желісінің үстіне құлап, Тұран шағын ауданы, Шымсити, Асар-2 шағын ауданы және New City көпқабатты тұрғын үйлеріндегі 4 мыңға жуық абонент электр жарығынсыз қалды", - делінген хабарламада.
"ОңтүстікЖарықТранзит" ЖШС-нің, "Қуатжылуорталық-3" МКК-нің арнайы бригадалары қалпына келтіру жұмыстарын жүргізіп жатқаны аталып өтті.
Әуе шарының құлау фактісі Қаратау аудандық полиция басқармасында тіркелді.
Қылмыстық кодекстің 204 бабының 2-бөлігі (басқа біреудің мүлкін абайсызда жою немесе бүлдіру) бойынша қылмыстық іс қозғалды. Бұл бапта 2000 АЕК-ке (5 миллион 834 мың теңге) дейін айыппұл салу немесе сол мөлшерде түзеу жұмыстарына тарту түрінде жаза қарастырылған.