Қоғам

Қазақстандықтар Отан қорғаушы күнін атап өтіп жатыр

Осыдан жиырма тоғыз жыл бұрын Қазақстанның Қарулы күштері құрылды, қазақстандықтар бұл күні демалады
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 7 мамыр – Sputnik. Қазақстандықтар Отан қорғаушы күнін екінші жыл пандемия жағдайында атап өтіп жатыр, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

Отан қорғаушы күні – Қазақстанның Қарулы күштерінің құрылған күні.

1992 жылы 7 мамырда мемлекеттік қорғаныс комитеті Қазақстанның қорғаныс министрлігі болып қайта құрылды. Сол жылы Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың жарлығымен Қазақстанның Қарулы күштері құрылды. 

Ал 2012 жылы Қазақстан Қарулы күштерінің ресми туған күні мемлекеттік мәртебеге ие болды.

Қорғаныс министрлігінің мәліметінше, 2020 оқу жылында Қарулы күштерде 60 мыңнан аса маман даярланып, 74 мыңнан астам шара, оның ішінде бригадалық тактикалық және кеме оқу-жаттығулары, тәжірибелік атыстар, далалық шығу, ұшу ауысымдары, сүңгуірлік жаттығулар, парашютпен секіру өткізілді.

Биыл қазақстандықтарды мерекемен ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаев  құттықтады.

Мемлекет басшысы Қазақстан экономикалық, гуманитарлық мүмкіндіктері ғана емес, әскери әлеуеті де мықты елге айналғанын атап өтті.  

Тағы оқыңыз: Тоқаев әскерилер мен полицейлерге генерал атағын берді

"Тұңғыш президент, Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың орасан еңбегінің арқасында заманауи қару-жарақпен және жаңа техникамен жабдықталған қуатты армия жасақталды. Қарулы күштеріміздің барлық құрылымында қызмет ететін сарбаздар мен сардарлардың жауынгерлік рухы, отаншылдығы, әскери дайындығы және кәсіби машығы еліміздің қорғаныс қабілетінің жоғары болуын қамтамасыз етеді", - деді ол.

Президент мемлекет туған жері үшін аянбай еңбек етіп, әскери қызметке бүкіл ғұмырын арнаған отансүйгіш перзенттерін жан-жақты қолдауға айрықша мән беретінін айтты.

"Біздің міндетіміз – жаңа геосаяси ахуалға сай еліміздің қорғаныс қабілетін одан әрі нығайта түсу", - деді Тоқаев.

Жылдағы дәстүрмен ел президенті мейрам қарсаңында әскерилер мен құқық қорғау органдарының қызметкерлеріне ордендер мен медальдар тапсырды.

Әскери парад өтпейді

Биыл Отан қорғаушылар күні мен Жеңіс күніне орай әскери парад өтпейді. Қорғаныс министрлігі мұның себебін елдегі эпидемиологиялық жағдайдың тұрақсыздығымен түсіндірді.

Айта кетсек, әскери парад былтыр да өткен жоқ.

Елде коронавирус пандемиясына байланысты бұқаралық шараларға тыйым салынған.

Осы жылы ел халқы 7 мамырдан бастап 10 мамырды қоса алғанда, қатарынан төрт күн демалады.