Қоғам

Назарбаев: әскери форма киген адам нағыз патриот болып саналады

Елбасы мемлекет армияны дамытуға, оның қорғаныс қабілетін арттыруға әрдайым баса көңіл бөлгенін айтты
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 6 мамыр – Sputnik. Тұңғыш президент Нұрсұлтан Назарбаев қазақстандықтарды Отан қорғаушы күнімен құттықтады, деп хабарлайды Елбасы сайты.

Ол тәуелсіздік жылдарында Қазақстанның қарулы күштері мемлекеттің тұрақтылығының, аумақтық тұтастығы мен әскери қауіпсіздігінің кепілі болғанын атап өтті.

"Біз әрдайым армияны дамытуға, оның қорғаныс қабілетін арттыруға, әскерилерді жан-жақты қолдауға баса көңіл бөлдік. Соның арқасында Қазақстан әскерінің сапында болу рухы мықты адамдардың мәртебелі әрі жауапты міндетіне айналды. Бүгінде Отан алдындағы борышты өтеу мен адал қызмет ету – абыройлы іс. Әскери форма киген адам жауапкершілігі жоғары, нағыз патриот болып саналады", -делінген құттықтауда.

Елбасы Қазақстанның Қарулы күштерін құру туралы жарлыққа қол қойған күннен бастап тиімді қауіпсіздік жүйесін құрғанға дейінгі аралықта еліміз ауқымды жолдан өткенін айтты.

"Бүгінде біздің ең басты құндылығымыз – тәуелсіздігімізді қорғай алатын қуатты да айбынды армиямыз бар", - деді Назарбаев.

Тұңғыш президент барша қазақстандыққа мықты денсаулық, тыныштық пен бақ-береке тіледі.

Қазақстанда Отан қорғаушы күні 7 мамырда аталып өтеді. Биыл ел азаматтары қатарынан төрт күн – 7, 8, 9 және 10 мамырда демалады.