Елорда тынысы

Елордалық әуежайда Ashyq қосымшасы енгізілуде: жолаушы нені білуі тиіс

Жолаушыларға әуежайға келер алдында Ashyq мобильді қосымшасын жүктеп, мәртебесін анықтап алуы қажет
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 6 мамыр – Sputnik. Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежайына жолаушыларды кіргізу Ashyq қосымшасы арқылы жүзеге асырылатын болады. Бұл туралы елордалық әуежайдың баспасөз қызметі хабарлады.

"Термометрия (температураны қашықтан өлшеу) COVID-19 белгілерін анықтауға көмектесетіндіктен, Ashyq қосымшасын пайдалану жолаушылар мен қызметкерлер үшін қауіпсіздіктің қосымша кепілі болып табылады", – делінген ақпаратта.

Жоба 10 мамырдан бастап қолға алынады да, 12 мамырда толыққанды іске қосылады деп жоспарланған.

Жолаушыларға әуежайға келер алдында қосымшаны жүктеп, олардың мәртебесін алдын-ала тексеріп алу қажет екендігі ескертіледі.

"Сары және қызыл мәртебесі бар жолаушылар терминал ғимаратына кіргізілмейді. Ал рейске жіберілмеген жағдайда ақшаны қайтару бойынша сұрақтарды әуекомпанияларға жолдаған жөн", – деп хабарлады әуежайдың баспасөз қызметі.

Денсаулық сақтау министрлігінің жалпы мәліметтер базасымен интеграциялану арқылы іске асырылатын Ashyq қосымшасындағы ақпарат нәтижесінде жолаушының вирус тасымалдаушысы ма, жоқ па деген мәселе анықталады.

Ал әуежай басшылығының айтуынша, мұндай шаралар жолаушылар мен әуе компанияларының қызметкерлерін және әуежайдағы қабылданған санитарлық шаралардан (бетперде, термометрия, желдету және т.б.) қорғайды.

Ашық қосымшасы деген не

Ағымдағы жылдың 17 қаңтарынан бастап белгілі бір шағын және орта бизнес нысандарына кіру немесе қызметін пайдалану Ashyq мобильді қосымшасы арқылы қамтамасыз етіледі. Оның тапсырыс берушісі цифрлық даму, инновация және аэроғарыш өнеркәсіп пен денсаулық сақтау министрлігі болып табылады.

Қосымшада QR-кодты сканерлеу арқылы келушінің мәртебесі анықталады:

Егер адам коронавирустың ПТР сынағынан өтіп, оң нәтиже алса, "қызыл" мәртебе беріледі. Мұндай мәртебе иелеріне үйде оқшаулану режимін қатаң сақтау бұйырылады.

"Сары" белгі байланысқа түсетін адамдарға тағайындалады. Оларға азық-түлік алуға немесе үй жанындағы дәріханаға шығуға рұқсат етіледі. Бірақ басқа қоғамдық орындарға баруына тыйым салынады.

"Көк" түс – ПТР тест талап етілмейтін жерлерде еркін қозғалады.

"Жасыл" түс – қозғалыс еркіндігінің белгісі.

Сондай-ақ, 1 шілдеден бастап қосымшада адамның вакцина қабылдаған-қабылдамағаны да көрінетін болады.

Оқи отырыңыз: "Карантин шараларын жеңілдетудің жалғыз жолы – вакциналау": иммунолог пікір білдірді

Бұған дейін әлеуметтік желілерде Ashyq қосымшасын Apple саясатында айтылмаған тәсілмен есептік жазба төлемін төлеуіне байланысты AppStore-дан алынып тасталғаны туралы ақпарат тарады. Кейінірек ол жүктеп алушылар үшін қайтадан қолжетімді болды.