Оқиға

Алматыда тауға шыққан ер адам күтпеген жағдайға тап болды: оқиғаның мән-жайы

Ер адам Аю сай шатқалындағы сарқыраманың жоғарғы тұсындағы жотадан табылғанымен, оны сол мезетте төмен түсіру мүмкін болмады
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 6 мамыр – Sputnik. Республикалық жедел құтқару жасағының Алматы тауларындағы операциясы таңға дейін жалғасты, деп хабарлады құтқару жасағының баспасөз қызметі.

Аю сай шатқалындағы сарқырама маңында ер адамның жоғалып кеткені туралы хабарлама түнгі сағат 12 шамасында түскен. Ер адамды іздеуге шыққан құтқарушылар шатқалдан жоғары көтерілген тұста зардап шеккен азаматты анықтаған.

"Алайда ол сарқыраманың жоғарғы жағындағы жоталардың бірінде тұрды. Ал жедел топ оған түрлі бағыттан жетуге тырысқанымен нәтиже болмады. Себебі, оған жақындау мүмкін емес еді", – делінген хабарламада.

Өзендегі су деңгейінің көтерілуіне байланысты әрбір өткелде арнайы жабдықты қолдануға тура келген. Тайғанақ тастар мен жарлы жағалау және түнгі қараңғылық жағдайды одан сайын күрделендіре түскен.

Кейіннен, құтқарушылар ғарыш станциясына қарай автокөлікпен жоғары көтеріліп (теңіз деңгейінен 3 200 метр биіктікте), жәбірленушінің жүрген жолымен төмен түсу туралы шешім қабылдады.

"Мұндай жағдайда қозғалу тіпті қиын еді. Таң атып, дала жарық бола бастаған кезде құтқарушылар зардап шеккен ер адаммен визуалды байланыс орнатты. Олар құтқару операциясы кезінде онымен ұялы телефон және жасақтың кезекші бөлімі арқылы үнемі байланысып тұрды", – деді жасақ өкілдері.

Оқи отырыңыз: Досың қасыңнан табылған сәтте: Алматы маңындағы тауда жоғалған туристер құтқарылды

Осылайша, құтқарушылар туристке жақын келіп және әлдеқайда қауіпсіз жерге табан тіреген соң, альпинистік жабдықтың көмегімен оны төмен түсіріп алды.