НҰР-СҰЛТАН, 5 мамыр – Sputnik. Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой вакциналау паспортын сататын адамдарды қатаң жаза күтіп тұрғанын айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
"Жалған вакциналау паспортына қатысты: иә, мұндай жағдай болды. Ақпарат алған бойда мен Алматы әкімдігіне хабарластым. Таңертең бұл мәселені бақылауға алып, күш құрылымдарымен пысықтадық. Күдікті ұсталды", - деді Цой.
Министр әлеуметтік желілерге, жалпы мұндай жағдайларға мониторинг жүргізілетінін атап өтті.
"Егер сіздерге осындай жайттар белгілі болса, біз қабылдауға дайынбыз. Жаза өте қатаң болады", - деді ол.
Цой барлық медицина қызметкері қылмыстық жауапкершіліктен хабардар екенін айтты.
"Ақпараттық жүйеде әр доза көрініп тұрады. Егер осындай жағдай бола қалса, оның артынан қылмыстық жаза келеді. Біз мұны ерекше бақылауда ұстап отырмыз", - деді Цой.
Бұған дейін Алматыда екі жыл декреттік демалыста отырған медбике адамдарға вакциналау паспортын заңсыз сатқаны хабарланды.
Медицина қызметкері екпе егілгені туралы әр құжат үшін 15 мың теңге сұраған. Қазір полиция бұл фактіге қатысты қылмыстық іс қозғады.