Өңірлер

Зерендіде тағы бір адам сарқырамаға құлап кетті

Ер адам ауруханаға жатудан бас тартқан, медициналық мекемеге баруға оны жұбайы көндірді, қазір ол ауыр хәлде жатыр
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 4 мамыр – Sputnik. Зеренді сарқырамасына демалуға барған ер адам жартастан құлап, жансақтау бөліміне түсті. Бұл соңғы екі апта ішінде болған осымен екінші жағдай, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

Оқиға дүйсенбі, 3 мамыр күні болды. 45 жастағы ер адам жартастан сарқырамаға құлап кетті. Зеренді ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі атап өткендей, ер адам көптеген жарақат алған, бірақ ауруханаға жатудан үзілді-кесілді бас тартты. Облыстық көпбейінді ауруханаға баруға оны әйелі көндірген.

Дәрігерлердің айтуынша, пациент ауыр хәлде жатыр.

"Ол қазір жансақтау бөлімінде. Науқастың жарақаты көп. Қабырғалары, сол иығы сынған. Кеуде қуысы органдары мен өкпесіне зақым келді. Дәрігерлер шокқа қарсы терапия мен барлық қажетті шараларды жүргізіп жатыр", - деп мәлімдеді аурухана директорының хирургиялық қызмет бойынша орынбасары Дмитрий Чайков.

Еске салсақ, 17 сәуірде ғана Үлгілі сарқырамасына әкесі мен қызы құлап кеткен болатын. 2015 жылғы қыз жеңіл-желпі жарақат алды.

Тағы оқыңыз: Ақмола облысында ер адам қызымен бірге сарқырамаға құлап кетті – қорқынышты видео

Осы оқиғадан кейін "Көкшетау" МҰТС жанындағы "Орманды бұлақ" филиалының басшылығы әкімдік және жергілікті полиция қызметімен бірлесіп, ең қауіпті учаскелерді уақытша қоршап қойды. Ал қалғандарына жарық шағылыстыратын лента ілді. Олардың міндеті – демалушыларды сақтандыру.

"Сарқырамада кедергі ленталары, тақтайшалар орнатылды, металл конструкциялардан уақытша қоршау жасалды, енді олардың орнына жаңасын орнату жоспарлануда. Бірақ қабылданған шараларға қарамастан демалушылар қауіпсіздік шараларын тағы да бұзды", - деп атап өтті аудан әкімдігінің баспасөз қызметіндегілер.

Алдағы маусымда Үлгілі сарқырамасының аумағын қалыпқа келтіріп, жақсартып, ақылы ету жоспарланып отыр. Алайда соңғы шешім әзірге қабылданған жоқ.