Саясат

Тоқаев Тәжікстанға ресми сапармен барады

Сапар аясында Орталық Азиядағы тұрақтылық пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелеріне ерекше мән беріледі
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 4 мамыр – Sputnik. Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев екі аптадан кейін Тәжікстанға ресми сапармен барады. Бұл туралы мемлекет басшысының баспасөз хатшысы Берік Уәли хабарлады.

"19-20 мамыр күндері Қасым-Жомарт Тоқаев президент Эмомали Рахмонның шақыруымен Тәжікстан Республикасына ресми сапармен барады", - деп жазды ол Facebook-те.

Сапар аясында ел президенттері шағын және кеңейтілген құрамда екіжақты келіссөздер өткізеді. Онда саяси диалогты, сауда-экономикалық, инвестициялық және мәдени-гуманитарлық байланыстарды одан әрі нығайта отырып, қазақ-тәжік стратегиялық серіктестігін дамытуға басымдық берілмек.

Келіссөздер барысында өңірлік кооперацияны жандандыру, Орталық Азиядағы тұрақтылық пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелеріне ерекше мән беріледі.

Тағы оқыңыз: Тоқаев Тәжікстан президентімен телефон арқылы сөйлесті

1 мамырда мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Тәжікстан президенті Эмомали Рахмонмен телефон арқылы сөйлесті.

Қазақстан президенті қырғыз-тәжік шекарасында қалыптасқан шиеленісті ахуалға байланысты алаңдаушылық білдіріп, бұл жағдай көрші мемлекеттер мен олардың азаматтарына қауіп төндіретінін айтты.

Тоқаев Тәжікстан басшысын қақтығысты бейбіт жолмен реттеуге шақырды.

Еске салсақ, Қырғызстан мен Тәжікстан шекарасындағы қарулы қақтығыс 28 сәуірде басталды. Тараптар бірнеше рет бітімге келу туралы уағдаласты, бірақ келісім қайта-қайта бұзылды. 1 мамырда Қырғызстан мен Тәжікстан президенттері шекараны белгілеу бойынша келіссөздер жүргізуге келісті.