НҰР-СҰЛТАН, 4 мамыр – Sputnik. Қазақстанның қорғаныс министрлігі жиналу пункті орналасқан Павлодар облысы әкімдігінің ғимаратынан екі әскерге шақырылушының қашып кетуіне қатысты түсініктеме берді.
Әскери міндеттілердің қашқан кезін куәгер видеоға түсіріп алған. Оның айтуынша, жастар үшінші қабаттың терезесінен секірген.
Қазақстанның қорғаныс министрлігі ақпаратты растап, оқиға 2 мамырда болғанын хабарлады.
"Әскерге шақырылушылар 1998 жылы туған Құлниязов Мұхамедкәрім Қайратұлы мен 2001 жылы туған Назымбеков Рүстем Русланұлы жедел әскери қызметке шақырылды. 2021 жылдың 2 мамырында олар Павлодар облысы әкімдігінің 3-қабатында орналасқан облыстық жиналу пунктінің терезесінен секіріп, ол жерден кетіп қалған. Құлниязов жарақат алып, қазіргі уақытта қалалық ауруханада жатыр", - деп хабарлады Қазақстан қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі.
Рүстем Назымбековті облыстық полиция іздеп жатыр. Оның қайда жүргені әлі анықталған жоқ.
"Аталған факті бойынша Қылмыстық кодекстің 387-бабы "Қызметтен босатуға заңды негіздер болмаған кезде әскери қызметке шақырудан жалтару" бойынша қылмыстық іс қозғалды", - деп хабарлады қорғаныс министрлігі.
Бұл бап мың айлық есептік көрсеткіш – 2 917 000 теңгеге (шамамен 6 800 доллар) дейін айыппұл салуды немесе төрт жүз сағатқа дейін қоғамдық жұмыстарға тартуды немесе бір жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуді немесе сол мерзімге бас бостандығынан айыруды қарастырады.
Республикада көктемгі әскерге шақыру наурыз айында басталды.