Өңірлер

Алматы полициясы мылжа-мылжасы шыққан ондаған мәйіт туралы видеоға түсініктеме берді

Ондаған адамның өмірін қиған ірі жол апаты жайлы жантүршігерлік видео Қазақстанда түсірілмеген болып шықты
Sputnik

АЛМАТЫ, 4 мамыр – Sputnik. Алматы полициясы жол апатынан қаза тапқан адамдардың мылжаланып кеткен мәйіттеріне қатысты түсініктеме берді. Мессенджерлерде жылдам таралып жатқан видеода ірі жол апаты Алматыда болды деп айтылған, алайда тәртіп сақшылары бұл ақпаратты жоққа шығарды.

Алматы полиция департаменті бейнежазбамен танысып шықты.  

"Алматы қаласында болды делінген жол апатының видеосы анықталды. Шын мәнінде апат Бразилияда болған және таратылған фактінің Алматыға еш қатысы жоқ. Полиция департаменті азаматтарды жалған ақпарат таратпауға және қоғамды адастырмауға шақырады", - деп хабарлады Алматы қаласы полиция департаментінің ресми өкілі Салтанат Әзірбек Sputnik Қазақстан тілшісіне.

Оның айтуынша, бұл ролик әлеуметтік желілер және мессенджерлерде алғаш рет таратылып отырған жоқ. Бұған дейін ол 2019 және 2020 жылдары жарияланған. Видео халық арасында қандай мақсатпен таратылып жатқанына полиция жауап бере алмады, дегенмен қала тұрғындарын мұндай хабарламаларға сенбеуге және тек ресми ақпаратқа сүйенуге үндеді.