НҰР-СҰЛТАН, 3 мамыр - Sputnik. Түркістан облысында көлік нөмірінің орнына есімін жазып алған жүргізуші жауапқа тартылды, деп хабарлайды Polisia.kz.
Сайрам ауданының полицейлері әлеуметтік желіге мониторинг жүргізу барысында қала көшелерінің бірінде артқы мемлекеттік нөмірі тұратын орынға өзінің есімін қойып алған автокөліктің бейнежазбасын анықтады.
Бейнежазбада жүргізуші жол бойында өзге көліктерден басып озу мақсатында қарсы бағытқа шыққан. Аудандық полиция қызметкерлері автокөлік иесін табу мақсатында жедел-іздестіру шараларын жүргізді.
Нәтижесінде Мерседес-Бенц автокөлігі анықталып, оның иесі Ақсукент ауылының тұрғыны екені белгілі болды.
Оқи отырыңыз: Нұр-Сұлтанда қыз жүк тиегішті ұрлап әкетіп, жол апатын жасады – видео
Ер адам жол жүру ережелерін бұзғаны үшін әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы кодекстің үш бірдей бабымен жауапқа тартылды.
Қазіргі таңда жол жүрісі қағидаларын өрескел бұзған жүргізушіге қатысты толтырылған хаттама бойынша жинақталған әкімшілік іс аудандық сотқа жолданды. Жүргізуші кінәсін толық мойындады.