Елорда тынысы

Нұр-Сұлтанда тағы бір көше алты жолақты болады

Биыл қалада 100-ден астам көше жөнделмек. Көлгінов сапасыз жөнделген жолдар қабылданбайтынын айтты
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 2 мамыр — Sputnik. Қала билігі Түркістан көшесіндегі жол учаскесін алты жолақты етуді жоспарлап отыр. Бұл туралы елорда әкімі Алтай Көлгінов хабарлады.

Түркістан көшесінің бойындағы (Ұлы дала даңғылынан Керей, Жәнібек хандар көшесіне дейін) бөлу жолағын қайта жөндеу жұмыстары жүргізілмек. Бұл жолды төрт жолақтан алты жолаққа дейін кеңейтуге мүмкіндік береді. Жазда Bus Lane жолағы іске қосылады. Сондай-ақ осы учаскеде саябақ ашылады.

"Өткен жылы, мысалы, бөлу жолағы Мәңгілік Ел даңғылы бойынша бөлшектелді. Бұл машиналар ағынын азайтуға мүмкіндік берді", - деп жазды қала әкімі әлеуметтік желідегі парақшасында.

Жалпы биыл 100-ден астам көше жөнделмек. Қала басшысы өткен жылдағыдай қаланың ескі бөлігі мен елді мекендерге баса назар аударылатынын атап өтті.

"Сапасыз жөнделген және салынған жолдарды қабылдамаймыз. Мердігер өз есебінен қалпына келтіреді, ал жұмысына немқұрайлы қарайтын компаниялармен келісімшарттарды тоқтатамыз", - деді Көлгінов.