Сұхбаттасқан Петр Лидов
- Ресей Еуропарламент басшылары мен Берлин прокуратурасына қарсы санкциялар енгізді. Сондай-ақ тағы алты еуропалық шенеуніктің РФ аумағына кіруіне тыйым салынды. Неге дәл осы тұлғалар "қара тізімге" енді?
Бұл жай ғана адамдар тізімі емес, бұл түсініктемесі бар Ресей СІМ мәлімдемесі. Бұл Батыстың достық емес, кейде тіпті жауластық сипаттағы іс-әрекеттеріне жауап.
Көп жыл бойы біз ЕО-дағы әріптестерімізге туындаған мәселелерді, проблемаларды дипломатиялық әдістермен, яғни келіссөздер, консультациялар, түрлі арнайы арналар арқылы шешуді ұсынып келеміз.
Бізде ЕО жанындағы Ресейдің Тұрақты өкілдігі жұмыс істейді, РФ-да Еуроодақтың сәйкес өкілдігі жұмыс істейді. Байланыс бар, бірақ жыл өткен сайын кейде нақты, кейде ойдан құрастырылған проблемаларды жария ету қарқын алуда.
Біздің мұндай мәселелерді конструктивті диалог көмегімен шешуге ұмтылысымызды ЕО елемей келеді.
Русофобия нәтижесі
Неге дәл осы тұлғалар? Бұл біздің елге қатысты агрессивті позиция ұстанып, мәлімдеме жасаған адамдар. Олардың мәлімдемелерін қайталаудың еш қажеті жоқ деп ойлаймын. Мұның бәрі интернетте бар.
Бұл маргиналды саналатын тек саяси тұлғалардың іс-әрекеті емес, мұнда ЕО кеңістігіндегі бұқаралық ақпарат құралдары да тартылып отыр.
Көптеген саяси қайраткер өздерінің пікірлерін айтып қана қоймай, олардың ақпараттық науқанның құрамына кіретінін көріп отырмыз. Мұндай ақпараттық-саяси науқанға бірқатар бұқаралық ақпарат құралы жұмылдырылған.
Демократия аясында өз пікірін білдіруді біз құрметтйміз. Алайда біз мүлде басқа жағдайдың куәсі болып отырмыз. Ол алдын ала жоспарланған ақпараттық-саяси науқан арқылы Ресей Федерациясын тежеуге бағытталған.
Әдетте дипломатия тарихында мұндай шектеу тізіміне енген азаматтардың аты-жөні жасырын күйде қалады да, тек адам саны жария етіледі. Бірақ батыстық әріптестер бүкіл мәліметті жариялауды әдетке айналдырды. Біз ұзақ уақыт бойы оларды дипломатиялық әдепті сақтауға шақырып келдік.
Батыс Ресейді эскалацияны күшейтті деп айыптап, екіжақты қарым-қатынастың бұзылуына біздің іс-әрекетеміз себепші болғанын айтып отыр. Бұл – өтірік. Біз батыстық әріптестеріміз тарапынан мұндай көзқарасқа себеп болатындай еш әрекет жасаған жоқпыз. Бұл РФ-ға қатысты бұрын жоспарланған саясат екеніне қазір көзіміз жетіп отыр.
Тығырыққа тірелді ме?
Ресейді оқшаулау және тежеу туралы жариялап, осыған идеологиялық бағаны ыңғайлаған Обаманың мәлімдемесін еске түсіріңізші. Сол шақта олар қарсылық өз тараптарынан туындап жатқанын жасыруға тырысқан жоқ. Бүгін нақты нәтижеге қол жеткізбегеннен кейін олар ақиқатты бұрмалауға тырысып отыр деп ойлаймын. Себебі олар тығырыққа тірелді.
Олар өз кінәларын мойындағанды ұнатпайды: қазіргі жағдайда да, басқа жағдайда да. Соның ішінде Ирак пен Таяу Шығыстағы бірқатар мәселелер де бар.
- АҚШ елшілігі ресейліктерге иммиграциялық емес виза беруді тоқтатады. Дипломатиялық ведомство қызметкерлері аз болғандықтан үлгере алмай отыр ма?
- Бірнеше жылдан бері АҚШ-тың консулдық саладағы жұмыстары нашар сипатта жүріп келді. Алайда бұған тек өз тараптарынан жасалған іс-әрекеттер себепші екенін мойындамай, тағы да Ресейді кінәлі етіп отыр.
Дипломат қай бағытта жұмыс істейтіні, яғни ол мәдениетпен, экономикамен немесе консулдық мәселелермен айналыса ма, ол жағын сол мемлекеттің өзі шешеді. Сәйкесінше Вашингтонның консулдық қызметкерлер санын азайтуға Мәскеудің еш қатысы жоқ. Консулдық бағыттағы қызметкерлер санын азайту туралы шешімді Вашингтон қабылдады.
Виза беру тәртібі АҚШ-тағыдай ешбір мемлекетте күрделенбеген. Мұнда өтініш білдірген азаматпен көзбе-көз кездеседі, мерзімі ұзақ. Біз америкалықтарға бетпе-бет кездесусіз 7-10 күн ішінде визе береміз. АҚШ-тан ресейлік дипломаттар қуылғаннан кейін де біз виза беру тәртібін өзгерткен жоқпыз.
- Ресейде "Медузаны" шетелдік агент деп мойындау Латвиядағы ресейлік журналистерді қудалауға қарсы жауап па?
- Бұл мәселені өз мақсатында пайдаланғысы келетіндер көп болды. Сондықтан біз заңнама әзірледік. Ол құжат әзірленіп және мақұлданып болған соң бұқаралық ақпарат құралдарына дәл осы критерийлерді қолдану керек болды. Заң жұмыс істей бастады.
Ия, "Медузаны" шетелдік агент деп таныды. Бұл ресейлік заңнамаға сәйкес әділет министрлігінің қабылдаған шешімі. Алайда сыртқы саяси ведомство ретінде біз үшін ол сол баяғы шетелдік БАҚ қалпында қалып отыр. Олар сауал жолдайды – біз жауап береміз. Олар қоңырау соғады – біз тұтқаны көтереміз. Яғни бұл мәселеде ешқандай шеттету жоқ.
- Қырғызстан мен Тәжікстан арасында қарулы қақтығыс болды. Қарабақ оқиғасы қайталануы мүмкін бе? Бұл текетіресте Ресей әлдеқайда белсенді рөл атқара ала ма?
Біз Қырғызстан мен Тәжікстанда болып жатқан оқиғаларды аса алаңдаушылықпен бақылап отырдық. Мұнда даулы шекара учаскесінде жағдай ушыққан. Өкінішке қарай қарулы қақтығыс салдарынан жараланғандар және көз жұмғандар бар. Қайтыс болғандардың туыстарына көңіл айтамыз және зардап шеккендердің тезірек сауығуына тілектеспіз.
30 сәуірге қараған түні тараптардың оқ атуды доғарып, шиеленіскен жағдайды келіссөздер арқылы шешу туралы мәмілесін қолдаймыз. Бұл – үлкен қадам. Себебі қарулы күшті, әскери техниканы бұру туралы сөз болды.
Біз Бішкек пен Душанбенің бірлескен жұмыс тобын құру туралы шешімін қолдадық. Оның аясында халықпен ақпараттық жұмыс, осы аймақтағы жағдайға мониторинг жүргізу қамтылады.
Ресей Қырғызстан және Тәжікстанмен арадағы стратегиялық әріптестік, одақтастық принциптерін ұстана отырып, кез келген даулы мәселелерді шешуге саяси-дипломатиялық әдістермен қолдау көрсетуге дайын.