Әлем

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы коронавирустың ең қауіпті штаммын атады

Коронавирустың жаңа штаммы өте қауіпті, деді дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының өкілі
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 30 сәуір — Sputnik. Үндістандағы жағдай кез келген мемлекетте қайталануы мүмкін. Коронавирустың жаңа штаммы өте қауіпті. Бұл туралы Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының Еуропа бюросының директоры Ханс Клюге мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

"Бір маңызды мәселені түсіну керек, Үндістандағы жағдай кез келген мемлекетте қайталануы мүмкін. Жеке қорғаныс шаралары жеңілдетілгенде, бұқаралық шаралар өткенде және вакциналау төмен болған кезде әр елде коронавирустық дауыл көтерілуі мүмкін", - дейді Клюге. 

Ал ДДҰ-ның төтенше жағдайларға дайындық жөніндегі бағларламасы жетекшісінің міндетін атқарушы Игорь Перегинецтің айтуынша, ғалымдар коронавирустың үндістандық штаммын әлі де зерттеп жатыр.

"Қазіргі кезде біз бір нәрсені білеміз. Осы вирустағы екі мутация емделуге қажетті антиденелердің тиімділігін төмендетеді. Сондай-ақ, коронавируспен ауырып шыққаннан кейін адам ағзасында бөлінетін антиденелерді әлсіретеді. Дегенмен, зерттеу жұмыстары жалғасып жатыр. Сондықтан вирустың дәл осы штаммы, дәл осы мутациясы аурудың өршіп кетуіне себеп болды ма, жоқ па, оны дөп басып айту қиын", - деп атап көрсетті Перегинец.

Оқи отырыңыз: Қазақстанда анықталған коронавирустың штаммдары қаншалықты қауіпті – министр жауабы

Айта кетейік, бұған дейін ғалымдар Үндістанның Батыс Бенгалия штатында коронавирустың B.1.618 жаңа штаммын анықтаған болатын. Осы елдің эпидемиология профессоры Мадхура Паидың айтуынша, жаңа штаммда үш бірдей мутация бар. Сол себепті вирус жылдам таралады. 

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметіне сәйкес, коронавирустың үндістандық штамы Еуропаның 10-нан астам елінде тіркелді. Ұйым өкілдері осы вирустың вакцина алғандарға да, коронавируспен ауырып шыққандарға да қауіп төндіріп тұрғанын мәлімдеді.  

Үндістан соңғы бір аптада коронавирусты жұқтырғандардың саны жағынан бірінші орыннан түспей келеді. Елде күн сайын 300 мың науқас тіркеліп, 2 мыңнан астам адам қайтыс болады. Шетелдің бұқаралық ақпарат құралдарының ақпараты бойынша коронавирус құрбандарының саны он есеге көп болуы мүмкін.

Үндістанның ауруханаларында орын жоқ. Дәрі-дәрмек пен оттегі тапшы. Ал коронавирустан қайтыс болғандардың мәйітін далада өртеп жатыр. 29 сәуірде вирус құрбандарының саны күрт өсті. Бір күннің ішінде 3 600 науқас көз жұмды.