Экономика

Қазақстан мен Ресей арасындағы тауар айналымы пандемияға дейінгі деңгейге жетті - Мамин

Қазақстанның үкімет басшысы Ресеймен арадағы тауар айналымы пандемияға дейінгі деңгейге жеткенін мәлімдеді
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 29 сәуір — Sputnik. Қазақстан мен Ресейдің тауар айналымы пандемияға дейінгі деңгейге жетті. Осылайша карантиндік шектеулердің салдарынан баяулап қалған экономикалық байланыстар жандана бастады. Бұл туралы үкімет басшысы Асқар Мамин ресейлік әріптесімен болған кездесуде мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан. 

"Тауар айналымы пандемияға дейінгі деңгейге қайта көтерілді. Соңғы үш айдың қорытындысы бойынша өзара сауданың көлемі өткен жылдың алғашқы үш айымен бірдей болып тұр. Ол кезде локдаун да, төтенше жағдай да енгізілмеген. Біз осы динамиканы сақтап, биыл сауда-саттықтың көлемін арттыра алатынымызға сенімдімін", - деді Мамин Қазанда өткен кездесуде.

Ал Ресейдің премьер-министрі Михаил Мишустин өзара ынтымақтастықтың басымды бағыттарын атады. Соның ішінде өнеркәсіп, әскери-өнеркәсіптік кешен, баламалы энергетика және цифрлық экономика бар.

"Қазақстанда осы салалар басым бағыттар екенін білемін. Сондықтан сауда-экономикалық ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық комиссия аясында бұл бағыттарды пысықтауды ұсынамын", - деп атап көрсетті Мишустин.

Айта кетейік, Қазан қаласында өткен  кездесудің нәтижесінде  бірқатар құжатқа қол қойылды. Олар:

  • ҚР мен РФ үкіметтері арасындағы 2021-2025 жылдарға арналған экономикалық ынтымақтастықтың кешенді бағдарламасы;
  • "Қазгеология" АҚ мен "Росгеология" АҚ арасындағы ҚР, РФ және шет мемлекеттердің аумақтарындағы пайдалы қазбалар кен орындарын геологиялық зерттеу саласындағы ынтымақтастық туралы келісім;
  • ҚР аумағында көмірсутегі кен орындарын игеру және геологиялық барлау бойынша бірлескен қызмет саласындағы жобаларды іске асыру ниеті туралы келісім;
  • "ҚР-да бутадиен және туынды өнімдер өндірісі" жобасын іске асырудың жол картасы;
  • "Бутадиен" жобасын басқару мәселелері жөніндегі шекті шарт;
  • "KIDF Management company" Ltd, Ресей тікелей инвестициялар қоры (РТИҚ) және "Mubadala Investment Company" арасындағы өзара түсіністік туралы меморандум;
  • қатты пайдалы қазбалар бойынша юниорлық компаниялардың Еуразиялық биржасын құру туралы меморандум.